Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Министрдің сөзінше, «Болашақ» бағдарламасының аясында енді атақты Смитсон институты негізінде антропология, тарих сынды салаларда тағылымдамалар өткізіледі.
— Бүгін Президентіміздің ресми сапарының аясында АҚШ-тың екі үлкен институтымен кездесу өткізілді. Біріншісі атақты — Смитсон институты болды. «Болашақ» бағдарламасының аясында енді атақты Смитсон институты негізінде антропология, тарих, мәдениеттану, дінтану және тағы басқа да салаларда тағылымдамалар ұйымдастырылады. Келесі жылдан бастап арнайы тағылымдама бағдарламасы ашылады. Ол ғылыми қызметкерлерімізге, мәдениеттанушыларымызға, антрополог-тарихшыларымызға ең терең тарихи зерттеулерді осы институттың негізінде өткізуге мүмкіндік береді, — деді Саясат Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Educational Testing Service (ETS) компаниясының көмегімен Ұлттық Бірыңғай тестілеудің сапасын өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру сияқты жұмыстар жүргізілетінін айтты.
— Екінші үлкен кездесу атақты ETS — 80 жылдық тарихы бар ең ірі тест жасайтын және тестологияны зерттейтін ғылыми орталықпен өткізілді. Қазіргі таңда біздің Ұлттық Бірыңғай тестілеудің сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру сияқты жұмыстар осы ең ірі, ең атақты тестология ғылыми орталығымен атқарылатын болады. Келесі айда зерттеушілердің үлкен делегациясы Қазақстанға келеді. Біз осы жұмысты жүйелі түрде атқарамыз, — деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан ETS компаниясының білімді тестілеу тәжірибесін зерделеуге мүдделі.
Сонымен қатар Президент АҚШ-та қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген Смитсон институтына алғыс айтты.