Бірнеше батыс елдері – Франция, Ұлыбритания, Португалия, Канада, Аустралия, Бельгия – дүйсенбіде ашылатын БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясында Палестина мемлекетін мойындайтындарын жазда жариялады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бұл қадамға қарсы, Израиль де оны сынады.
– Бүгін палестиналықтар мен израильдіктер үшін бейбітшілік пен екі мемлекетті шешімге деген үмітті қалпына келтіру үшін Біріккен Корольдік Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады, — деді Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер.
Премьер-министр Марк Карни бүгіннен бастап «Канада Палестина мемлекетін мойындайды» деп мәлімдеді.
– Канада Палестина мемлекетін мойындайды және Палестина мемлекеті мен Израиль мемлекеті үшін бейбіт болашақты құрудағы серіктестігін ұсынады, — деп жазды X желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін британиялықтардың 90 пайызы Лондонның Палестинаны мойындау туралы бастамасын қолдамайтынын жазған едік.