Мәлімдемеге сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Масуд Пезешкианның басшылығымен өңірдегі жағдай мен Израильдің өңірдегі әрекеттерін талқылады. Басқосуда сондай-ақ 2015 жылғы келісімнің қатысушылары – Ұлыбритания, Франция мен Германияның БҰҰ-ның Тегеранға қатысты санкцияларын қайтаруға тырысу мәселесі де талқыланды. Иран тарапы бұл ретте Тегераның саясаты өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барынша ынтымақтасу болып табылатынын жеткізді.
АҚШ пен Израиль тарапынан болған шабуылдардан соң тоқтатылған тексеру жұмыстарын жаңғыртуды көздейтін 9 қыркүйекте МАГАТЭ-мен жасалған келісімге сілтеме жасай отырып, Иранның проблеманы шешу үшін агенттікпен ынтымақтастықта жұмыс істеуіне қарамастан Еуропа елдерінің әрекеті МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқатуға мәжбүрлейтіні айтылды.
БҰҰ-ның Иранға қарсы санкциясын енгізетін «снепбэк тетігі»
Ұлыбритания, Франция және Германия 28 тамызда 2015 жылғы ядролық келісімде көзделген «снепбек» (snapback) тетігін іске қосу туралы шешім қабылдады. Бұл механизм АҚШ-тың біржақты түрде келісімнен шыққанынан кейін қолданылмаған еді. «Снепбек» Иран келісімді бұзған жағдайда БҰҰ санкцияларын қайта енгізуге мүмкіндік береді.
Бұл рәсім іске қосылғаннан кейін 30 күндік мерзім белгіленеді. Оның аяқталуымен қару-жарақ жеткізуге эмбарго, баллистикалық зымырандарға қатысты шектеулер және активтерді бұғаттау шаралары қайта күшіне енуі мүмкін.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Эракчи Еуропа елдерінің бұл қадамға құқықтық негіз жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олар келісімнің шарттарын өздері бұзып, қатысушы мәртебесінен айырылған.
Израиль мен АҚШ-тың соққыларынан кейін Иран инспекцияларды тоқтатқан еді. Дегенмен өткен аптада Тегеран МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты қайта бастау туралы келісімге қол қойды. Бұл қадам Еуропа тарапынан оң бағаланғанымен, жеткіліксіз деп саналды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2231 қарарына сәйкес, «снепбек» процедурасы барысында Иранға санкцияларды қалпына келтірмеу жөніндегі қарар жобасы 19 қыркүйектегі дауыс беруде қабылданбай қалды.
Егер соңғы сәтте жаңа шешім қабылданбаса немесе мерзім ұзартылмаса, «снепбек» процесі 28 қыркүйек күні түн жарымында аяқталып, Иранға қарсы БҰҰ санкциялары автоматты түрде қайта күшіне енеді.
Осыған дейін Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ның Иранға қарсы барлық санкцияларын қалпына келтіруге дауыс бергені туралы жаздық.