Ән байқауына Қазақстанмен қатар көршілес елдерден келген барлығы 26 үміткер қатысып, Ескендір Хасанғалиевтің туындыларын орындады.
Фестиваль қорытындысында әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев бастаған қазылар алқасының шешімімен алматылық Медет Орынбаев бас жүлдені жеңіп алды.

Ақтөбе облысының намысын қорғаған Мерей Самұрат бірінші, астаналық Парасат Отан мен атыраулық Айбар Ғаниұлы екінші орынға ие болды. Оралдық Аружан Бисембай, қырғызстандық Дариға Сатарова мен өзбекстандық Севара Тулановаға үшінші жүлде бұйырды.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев фестиваль қонақтарына ізгі лебізін білдіріп, композитордың зайыбы Дарико Сопыжанқызына, қазылар алқасының мүшелеріне құрмет көрсетті.

Гала-концертте фестиваль жүлдегерлерімен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның халық артистері Мансур Ташматов, Саламат Садықова және Алтынбек Қоразбаевтың өнер көрсетуі ерекше әсер қалдырды.
Салтанатты кеш Біржан Хасанғалиев пен жергілікті өнерпаздардың орындауындағы «Атамекен» әнімен түйінделді.

Биыл Ескендір Хасанғалиевтің туғанына 85, ал Қадыр Мырза Әлі сөзін жазған «Атамекен» әнінің жарыққа шыққанына 55 жыл толды.
БҚО халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, ұлт руханиятында есімдері алтын әріппен жазылған Қадыр Мырза Әлі мен Ескендір Хасанғалиевтың шығармашылығынан туған туынды бүгінде қазақ жерінде ғана емес, шет мемлекеттерде де шырқалып жүр.
— Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына орай республика бойынша көптеген іс-шара ұйымдастырылды, соның бірі Алматы музейінде «Атамекен — ел рухы» көрмесі ашылып, 80-ге жуық құнды жәдігерлер қойылды. Республика сарайында Ескендір Хасанғалиевке арналған «Айналдым елім» концерті қойылса, Ұлттық кітапханада Біржан Хасанғалиевтің «Ескендир Хасангалиев. Жизнь в музыке. Музыка в жизни» кітабының тұсауы кесіледі. Облыста да осындай іс-шаралар жұртшылық көңілінен шықты. Айталық, Қаратөбе ауданында орталық алаңда композиторды еске алып, онлайн түрде мекемелер мен аудан халқының қатысуымен 1000-ға жуық адам «Атамекен» әнін бірге шырқады, — деді М.Жұбатов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар мәресіне жеткенін жазған болатынбыз.