Израиль әскері палестиналықтардан Хан Юнустың әл-Маваси аймағы мен миллионға жуық адам тұратын Рафахтың солтүстік бөлігін тастап кетуді талап етіп отыр.
ГАЗА
Газа үкіметі Израильдің бомбалауы мен палестиналықтарды көшіру әрекетіне қарамастан, 900 мыңнан астам адамның Газа қаласы мен солтүстік аудандарынан қашып шықпағанын хабарлады.
— Израильдің халықаралық құқық пен халықаралық шарттарды бұза отырып, күштеп шығару қылмысының бір бөлігі болып табылатын аяусыз бомбалау мен геноцидке қарамастан, 900 мыңнан астам палестиналық Газа қаласы мен солтүстігіндегі өз орындарында қалып, оңтүстікке көшуден бас тартты, — делінген хабарламада.
Соңғы күндері үкіметтік топтар Израильдің шабуылымен бірге Газадан аймақтың оңтүстігіне күштеп қоныс аударудың артқанын байқаған. Израильдің қысымымен шамамен 335 000 палестиналық Газадағы үйлерін тастап, аймақтың оңтүстік бөлігіне көшті. Бұл адамдардың 24 мыңнан астамы оңтүстікте күнкөрістің жоқтығынан қайта оралған.
Соңғы үш күнде Газаны тастап кетуге мәжбүр болғандар саны 60 мыңға жетті.
Мәлімдемеде Израиль әскерінің палестиналықтардың Хан Юнустың әл-Маваси аймағы мен миллионға жуық адам тұратын Рафахтың солтүстік бөлігінен кетуін талап етіп жатқаны айтылған. Израиль «қауіпсіз аймақ» деп атайтын әл-Мавасиге 114-тен астам әуе шабуылы мен көптеген артиллериялық атқылау жасалып, бірінен соң бірі болған қырғында 2 мыңнан астам адам қаза тапты.
Құжатта бұл аймақта ауруханалар, инфрақұрылым, су, азық-түлік, тұрғын үй, электр энергиясы және білім беру сияқты негізгі қызметтер мүлдем жоқтығы, өмір сүру мүмкін еместігі атап өтілді. Израиль әскері өз карталарында Газа секторының 12 пайыз жерін «баспана аймағы» деп белгілеп, 1,7 миллионнан астам адамды осы жерге шоғырландыруға тырысып жатыр.
Бұл Газа секторының солтүстігінен және Газа қаласынан халықты эвакуациялауға бағытталған мәжбүрлі қоныс аудару жүйелі саясатының бөлігі болып табылатын интернациялық лагерьлер құру жоспарының бір бөлігі. Бұл халықаралық құқық пен халықаралық гуманитарлық құқықты бұза отырып, толыққанды әскери және адамзатқа қарсы қылмыс болып табылады.
Кеңсе мәлімдемесінде халықаралық қауымдастықты, БҰҰ мен халықаралық құқықтық институттарды Израильдің қылмыстарын тоқтату үшін тиімді және байсалды шаралар қабылдауға шақырады. Сондай-ақ Израиль басшыларын құзырлы соттарда жауапқа тарту және бейбіт тұрғындардың қорғалуын, олардың өз жеріндегі қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін, құқықтарын қамтамасыз етуді насихаттады.
Израиль әскері 19 қыркүйекте жергілікті баспасөзге жасаған мәлімдемесінде Газа қаласынан 480 мың палестиналық оңтүстік аймақтарға көшкенін хабарлады.
Бұған дейін Израиль Газа қаласына шабуылын жалғастырып, мерт болғандар саны 65 мыңнан асқаны туралы жаздық.