Саркозиге қатысты тергеу барысында төрт айып қаралды: пассивті сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік қаражатты иемдену, сайлауалды науқанды заңсыз қаржыландыру және қылмыстық топ құру арқылы қылмыс жасау.
Сот Саркозиді алғашқы үш айып бойынша ақтады, алайда сайлауалды науқанды қаржыландыру көздерін жасыру мақсатында қылмыстық топ құрды деген айыппен кінәлі деп тапты.
Бұған дейін Париж прокуратурасы оған жеті жыл түрме жазасын сұраған болатын. Саркозидің өзі он жылдан астам уақыт бойы барлық айыптауларды жоққа шығарып, тергеудің саяси астары бар екенін мәлімдеген.
Тергеу деректері бойынша, Саркози 2007 жылы Ливияның сол кездегі басшысы Муаммар Каддафиден президенттік науқанын қаржыландыру үшін шамамен 50 миллион еуро алған. Бұл қаражат 2006 жылдың соңында немесе 2007 жылдың басында берілген болуы мүмкін.
Аталған айыптаулар алғаш рет 2013 жылы жария болғаннан кейін алдын ала тергеу басталып, 2018 жылғы 21 наурызда Саркози Парижде қамауға алынған. Кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Басты куәгер қайтыс болды
Іс аясында куәгер ливан-француз кәсіпкері Зияд Такиеддиннің айтқандарына ерекше назар аударылды. Ол 2016 жылы Саркозиге Триполиден 5 миллион еуро қолма-қол жеткізгенін мәлімдеген болатын. Алайда кейін, 2020 жылы, ол өз мәлімдемесінен бас тартты.
2025 жылғы 23 қыркүйекте Такиеддин Бейрут қаласында қайтыс болды. Француз тергеушілері Саркози оған делдалдар арқылы қысым жасауы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Тергеу деректері бойынша, куәгерді сатып алуға шамамен 608 мың еуро жұмсалған.
Айта кетейік, Бразилияның экс-президенті Болсонару 27 жылға сотталды.