Дүйсенбі күні Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Франция мен Сауд Арабиясының ұйымдастыруымен саммит басталды. Кездесудің мақсаты — екі мемлекет қағидасына халықаралық қолдауды нығайту және Палестина мемлекетін ресми түрде мойындату.
Әлемдік көшбасшылар алдында алғашқылардың бірі болып Франция президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Францияның Палестина мемлекетін ресми түрде мойындағанын мәлімдеді.
Одан кейін Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бин Фархан әл-Сауд сөз алып, тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның атынан БҰҰ-ға үндеу жасады.
Ол Макронға Палестина мемлекетін мойындағаны үшін алғыс білдіріп, екі мемлекет туралы шешім – аймақта әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз жолы екенін тағы да атап өтті.
Сөз сөйлегендердің қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те болды.
Ал Палестина президенті Махмуд Аббас жиналғандарға бейнебайланыс арқылы үн қатты — АҚШ оның делегациясына виза беруден бас тартты.
Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Португалия Палестинаны мойындағанын жариялады.
Бүгін оларға Бельгия, Люксембург, Мальта, Сан-Марино және Андорра қосылады. Париж бұл тек символдық қадам емес, саяси процестің басталуы екенін алға тартты.
— Нью-Йорк декларациясы — бұл белгісіз болашаққа уәде емес, нақты жол картасы. Ол ең маңызды үш мәселені қамтиды: атысты тоқтату, тұтқындарды босату және Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізу, — деді Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро.
Израиль мен АҚШ саммитке бойкот жариялады. АҚШ пен Израиль өкілдері бұл шараға қатыспады.
Израильдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Дани Данон кездесуді «цирк» деп атады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Батыс жағалаудың бір бөлігін аннексиялау мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтып, Иордан өзенінің батыс жағалауында Палестина мемлекеті құрылмайтынын ескертті.
Израильде Францияға қарсы шаралар, соның ішінде дипломатиялық қатынасты және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Вашингтон да Израиль мүддесіне қарсы шыққан елдерге салдары болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Саммит әскери әрекеттердің ушығуы аясында өтіп жатыр: Израиль Газа қаласына жерүсті шабуылдарын күшейтіп, секторға соққыларын жалғастырып жатыр. Жергілікті биліктің мәліметінше, қаза тапқан палестиналықтардың саны 65 мыңнан асты.