Жеңімпаз атанған Red Bull командасының пилоты Макс Ферстаппен бүкіл қашықтық бойы сенімді жүргізу шеберлігі мен тұрақты жылдамдығын көрсетті.
Бұл тартысты жарысқа әрқайсысы екі пилоттан тұратын 10 команда қатысты.
Екі сағат ішінде жарысушыларға күрделі қалалық трассада 51 айналымды еңсеру тапсырылды.
Ферстаппен үздік нәтиже көрсетіп, поул-позициядан жарысты бастап, алғашқы айналымдардан-ақ көшбасшылықты уысынан шығармады.
Екінші орынды Mercedes командасының қатысушысы Джордж Рассел иеленсе, үшінші болып Williams атынан қатысқан Карлос Сайнс мәреге жетті.
Жарыс кезінде оқыс оқиғалар да болды. McLaren командасының пилоты Оскар Пиастридің болиді бір бұрылыста қоршауға соқтығысып, бұл жағдай қауіпсіздік көлігінің трассаға уақытша шығуына себеп болды. Абырой болғанда, жарысушының өзі зардап шеккен жоқ.
Бүгін сондай-ақ «Формула-2» жарысы да өз мәресіне жетті. Онда DAMS командасының жарысушысы Джек Кроуфорд жеңіске жетіп, жоғары шеберлік пен техникалық дайындығын көрсетті.
Айта кетейік, Әзербайжан 2016 жылдан бері «Формула-1»-дің ең қызықты кезеңдерінің бірі — Әзербайжан Гран-приін тұрақты түрде өткізіп келеді. Бакудегі алғашқы жарыс Еуропа Гран-приі атауымен өтіп, оның жеңімпазы Нико Росберг болған еді.
Кейінгі жылдары Баку трассасында Даниэль Риккардо, Льюис Хэмилтон, Валттери Боттас, Серхио Перес, Макс Ферстаппен және Оскар Пиастри сынды танымал жарысушылар жеңіске жетті.
Бұған дейін «Формула-1» іріктеу жарыстары барысында бірнеше апат болып, соның салдарынан сессия уақытша тоқтатылғаны хабарланған болатын.