Егер өтініш қабылданса, ЕО елдерінде тек түрік рецепті бойынша дайындалған тағам ғана «донер кебаб» атауын пайдалана алатын еді.
Ал Еуропада кең тараған басқа рецепттер бұл атаудан айырылады.
Аталған бастама, әсіресе Германияда алаңдаушылық тудырды. Себебі бұл елде донер кең тараған көше тағамдарының бірі саналады. Германия донер өндірушілер қауымдастығының өкілі Эрдоган Кочтың айтуынша, өтініш мақұлданса, жағдай ауыр болар еді.
– Германияда сатылып жатқан донердің 95 пайызын сөрелерден алып тастауға тура келер еді, – деді ол.
Түркия өтінішінде тыйымға іліккендердің қатарында сиыр етін пайдалану, маринад түрлерін қолдану, дәмдеуіштер мен етті дайындау тәсілдері де бар. Мұндай жағдайда еуропалық döner өзінің үйреншікті дәмі мен сыртқы түрінен айырылып қалар еді.
Германияда донер тек тағам емес, мәдени бірегейліктің де бір бөлігі болып кеткен. Кейбір саясаткерлер оны сүйікті тағамы деп атайды. Әсіресе, Бавариядағы Христиан-әлеуметтік одағы партиясы көшбасшысы Маркус Зёдер ерекше көзге түсті. Партия «Söder Kebab» логотипін тіркеп, онда грильдің жанында донер ұстап тұрған Зёдердің суретін бейнелеген.
Сонымен қатар олар «Söner» атты «неміс донерін» білдіретін жаңа брендті де заңды түрде бекіткен.
Осылайша, Германияның «Söner» бренді Түркияның ЕО аумағында донерге монополия орнату талпынысына жауап ретінде ұсынылды.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда жексенбі күндері дүкендерді жабу ұсынылды.