Ұсынысқа сәйкес мұндай жағдайға тап болған қызметкер шағымды жасырын түрде бере алады. Ал, айыпталушы қызметкер өтірік анықтайтын құрылғы арқылы тексерілуі мүмкін. Егер кінәсі дәлелденсе, жұмыстан босатылу қаупі бар.
Министрліктің мәліметінде жеке қылмыстық немесе әкімшілік бап енгізілмейді. Алайда харассмент зорлау, күш қолдану немесе кәмелетке толмағандарға қатысты әрекетке ұласқан болса, қылмыстық іс ретінде қаралып, ауыр жаза қолданылады. Бұл бастама жұмыс орнын қауіпсіз етуге бағытталған. Бірақ қоғамда сан түрлі пікір туғызып отыр.
– Жалпы, қазір еңбек кодексінде харассмент мәселесі көзделмеген. Сонымен қатар бүгінде этикалық кодекске сәйкес, жұмыскерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі ғана бар. Бірақ, харрасмент деп күдікке ілінген адам өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге құқығы бар, әрине. Ал екінші тарап, шынымен осы әрекеттер жасалды ма, жоқ па, соны дәлелдеуі тиіс. Дәлелсіз қандай да бір адамды айыптау, я болмаса біреуді лауазымынан алып тастау мақсатында жала жабатын оқиғалар кездесіп жатады. Егер заңнамаға өзгеріс енгізілетін болса, оның жақсы әрі көңілге қонбайтын тұсы да бар. Жағымды жағы: заң жүйелі жұмыс істесе осындай кикілжіңдерді ретке келтіретін едік, — дейді Бибігүл Ағыбаева.
Ал өтірік анықтайтын құрылғының нәтижесі еңбек шартын бұзуға 100% пайыз негіз бола алмайды. Мұны дәлел ретінде сотта қолдану үлкен мәселе. Себебі бұны әлі де толықтай зерттеу керек.
– Тәжірибеде құрылғыны да алдап кететін адамдар болуы мүмкін. Мен бұл өзгертулерді толық оқып шықтым. Ол жерде егер де жұмыс орнында бір адам екінші адамға қандай да бір қысымшылық жасайтын болса, жұмыс беруші жұмыс орнында тексеріс жүргізіп, сол тексеріс нәтижесі негізінде адамның кінәсі дәлелденетін жағдайда ғана жұмыс беруші өзінің бастамасы бойынша, еңбек шартын тоқтатуға құқығы болады деп жоспарланған. Менің ойымша бұл дұрыс, – деді Еңбек құқығы саласының сарапшысы.
Сарапшының пікірінше, заңнаманы өзгерту, талаптарды қатаңдату келеңсіздікке тап болған адамның мұндай әрекетті екінші рет қайталамауына септігін тигізеді. Сондықтан заңды жетілдіріп қана қоймай, оны түсіндіру жұмыстарын көптеп жүргізу керек.
Еске салайық, бұған дейін ҚР ІІМ Харассменттің алдын алатын заң жобасы әзірлеп жатқаны туралы жазған болатынбыз.