Аталған құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бастысы Дәулет Досқұлов бағдарламаның мақсаты қалдықтарды басқару саласындағы бірқатар проблеманы шешу екенін айтады.
— Бірінші мәселе — қоқыс көлемінің артуы. 2023-2024 жылдары шамамен 550 мың тонна қоқыс пайда болса, 2025 жылдың соңына дейін оның көлемі 600 мың тоннадан асады деп күтіледі. Себептері — халық санының өсуі, белсенді тұрғын үй құрылысы. Екінші мәселе — қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін енгізудегі қиындықтар. Қазіргі уақытта халықтың 40 пайызға жуығы ғана осы жүйеге қатысады. Қалдықтарды араластырып жинау пайдалы фракциялардың — пластик, шыны, қағаздың азық-түлік қалдықтарымен араласып кетуіне жол береді. Бұл олардың қайта өңделуін қиындатады. Себептері — инфрақұрылымның жетіспеушілігі, экологиялық мәдениеттің төмен деңгейі, ынталандырудың жоқтығы, қызмет көрсету сапасының төмендігі. Үшінші мәселе — қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің төмен деңгейі. 2024 жылы тек 17 пайыз қалдық сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың екінші ұяшығы толығымен толған. Ал үшінші ұяшық ресурсы мұндай қарқынмен 2028-2029 жылдар таусылады, — деді Дәулет Досқұлов.
Ол жыл сайын анықталатын 300-400 заңсыз қоқыс полигондарын тағы бір мәселе ретінде атады.
Дәулет Досқұловтың айтуынша, бағдарламада 2029 жылға дейінгі нысаналы көрсеткіштер белгіленген. Қойылған міндеттерді шешу үшін фракцияларға арналған контейнерлерді маркілеу, шығару кестесі көрсетілген QR-кодтарды орнату сияқты шаралар қарастырылған. Жыл сайын 500 жаңа металл контейнер және 600 сары, 600 жасыл пластик контейнер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап шығаруға арналған арнайы техника паркін жаңарту, контейнер алаңдарының санитарлық нормаларға сәйкестігін бақылау және оларды 2029 жылға дейін қайта құру көзделген.
Мұнан бөлек, құжатта қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуді дамыту қарастырылған. Ол үшін 8 инвестициялық жоба мен 1 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы іске асырылады.
Бұған дейін елордада рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және құқық бұзушыларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жазған едік.