Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта Павлодар облысында жылыту маусымы басталған. Алдағы күндері Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында жылыту маусымының басталуы күтіліп отыр. Қалған өңірлерде жылыту жұмыстары белгіленген мерзімге сәйкес жүргізіледі.
— 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 6 энергоблок, 29 қазандық және 16 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал 4 энергоблокта, 31 қазандық және 20 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Ертаев.
Сонымен қатар спикер өз сөзінде электр желілері бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл соңына дейін 17 мың шақырым электр желісі мен 420 қосалқы станцияны жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта бұл жұмыстардың 89 пайызы — 16 мың шақырым желіде, ал 94 пайызы — 373 қосалқы станцияда орындалған.
— Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар Комитеттің аумақтық департаменттері апта сайын кәсіпорындарға барып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылап отыр, — деп толықтырды комитет төрағасы.
Бұған дейін Премьер-министр жылыту маусымына дайын емес өңірлерді сынаған болатын.