— Биыл туризм тақырыбы бірнеше рет көтеріліп, кеңінен талқыланды. Өкінішке қарай, әрдайым оң нәтиже бола бермеді. Мемлекет басшысы курортты өңірлерді жазғы туристік маусымға дайындық деңгейінің қанағаттанарлықсыз екенін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша бірқатар курортты өңірге тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде қажетті жағдайларды ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер бар екенін анықталды, — деді министр.
Биыл еліміздің сегіз ірі демалыс аймағында, атап айтқанда, Баянауыл, Катонқарағай, Каспий теңізі жағалауы, Балқаш пен Алакөл көлдері (Алакөлдің Абай және Жетісу облыстарындағы жағалауы), Қапшағай және Щучье-Бурабай курортты өңірлерінде кешенді түгендеу жүргізілді. Талдау нәтижесінде инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, бейберекет сауданы реттеу, жағажайларды аймақтарға бөлу, электрмен үздіксіз жабдықтау, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және құтқару бекеттерінің санын көбейту қажет екені белгілі болды.
Талдау қорытындысы бойынша, құтқарушылар санын арттыру, құтқару бекеттерін заманауи жабдықпен қамту, инспекторлардың тұрақты кезекшілігін ұйымдастыру және су көлігіне бақылауды күшейту ұсынылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік 2025-2028 жылдарға арналған курортты өңірлерді дамыту жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. Жобаға 141 іс-шара енгізілген. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру республикалық және жергілікті бюджеттерден және жеке инвестиция есебінен қаржыландыру көзделген.
Кеңес 25 қыркүйекте Маңғыстау облысында өтетін Халықаралық туристік форум аясында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері ұлттық парктерге 2 миллионға жуық турист барды.