Қазақстан Өзбекстанмен және Орталық Азияның басқа да елдерімен сыртқы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздейді. Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев Asia Grains& Oils Conference in Tashkent 2025 халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Самат Теңбаев атап өткендей, Өзбекстан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорт көлемі бойынша жетекші елдердің бірі.
Қазақстанның ішкі нарығында да, әлемдегі сияқты егіс алқаптарын қайта бөлу үрдісі байқалады. Мәселен, ылғал көп қажет ететін дақылдардың көлемі азайып, майлы, бұршақ тұқымдас және мал азықтық дақылдардың үлесі артуда.
Өндірісті әртараптандыру агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі басымдықтарының бірі.
Мемлекеттік бағдарлама негізінен күнбағыс, рапс, майлы зығыр, мақсары, жасымық және жем-шөп дақылдарының пайдасына монодақылға (бидайға) тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Биыл Қазақстан Өзбекстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне майлы дақылдарды, атап айтқанда күнбағысты жеткізуді едәуір арттырды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы отандық агроөндірушілермен және қайта өңдеушілермен бірлесіп өңірлік нарықты қамтамасыз ету бойынша әлеуетті күшке ие болып келеді.
Конференцияға қатысушылар Ақмола, Жамбыл облыстарында және Астана қаласында іске қосылған астықты терең өңдеу жобаларына ерекше қызығушылық танытты. Корпорация мамандары іскер топтар алдында жан-жақты мәлімет бере отырып, маңызды бастамаларды іске асыруға көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді.
— Биыл астық өнімі бойынша қолайлы болжамдарды ескере отырып, біздің еліміз экспорттық әлеуетті нығайтуды, нарықтар ауқымын кеңейтуді, әріптестік байланыстарды тереңдетуді жалғастырады, — деп атап өтті Корпорация өкілі.
Бұл бағытта ұлттық астық операторы маңызды рөл атқарады. 2024-2025 жылдары маусымда аталған корпорация шетелге 360 мың тонна және трейдерлер арқылы тағы 453,3 мың тоннаны астық өнімін жіберіп, бидайдың ірі отандық экспорттаушыларының біріне айналды.
Нәтижесінде жалпы республикалық астық экспортындағы компанияның үлесі 8,9%-ға жетті. Ағымдағы жылдың жылдың 8 айында Қазақстан басқа елдерге дәстүрлі өткізу нарықтарына (Орталық Азия елдері, Әзірбайжан, Ауғанстан, Иран) және жаңа бағыттарға шамамен 12,8 млн тонна астық жеткізді.
Конференция жұмысына Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің (USDA), Ресей және Қытай корпорацияларының, салалық қауымдастықтардың, сондай-ақ жеке сектордың өкілдері қатысты.