Филиал директоры Рафис Зинетовтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, мамандар биылғы тоғыз айда 418 рет жолға шықты.
Рафис Радикұлының сөзіне қарағанда, жол-құрылыс материалдарынан 1 352 сынама алынып, соның 404-і нормативтік құжат талаптарына сәйкес келмеді.
— Оған қоса 252 ақаулық анықталып, ескерту жасалды. Қазіргі кезде соның 228-і жойылған жоқ, жұмыс үстінде. Жалпы, облыс жолдарында 80 жоба жүзеге асырылуда. Солардың бәрінде мамандар болып, тексерулер жүргізді. Ақаулықтар бойынша қатынас хатты тапсырыс берушілерге жібереміз. Олар тиісті шара қолданады, – деді Р.Зинетов.
Оның айтуынша, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК биыл сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала, Шыңғырлау және Бөкей ордасы аудандарында 1 400-ден астам шақырым жолдың құжаттандыру жұмыстарын атқарды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тендерді жеңіп алған депутаттың компаниясы жол салмай отырғанын жазған едік.