Мерейтой алдымен аудан орталығындағы Жұбан ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды.

Салтанатты іс-шарада БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз қазақ халқы барда қылышынан қан тамған кеңес дәуірінің өзінде «Мен – қазақпын» деп жаһанға жар салған Жұбанның рухы мәңгі өшпейтінін атап өтті.
Бұдан кейін Жұбан орталығында «Жұбан Молдағалиев. Естеліктер. Тарихи-ғұмырдеректік анықтамалық» кітабының таныстырылымы болды. Оны құрастырған жергілікті жидашы-қаламген Бақтығали Қоспаев.

Аталған еңбек бұдан бес жыл бұрын ақынның 100 жылдығына орай алғаш рет басылған. Бұл жолы Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер, көзкөргендердің естеліктермен толықтырылды. Сонымен қатар ақынның туған жерінің тарихына қатысты географиялық атаулар мен елді мекендер туралы құнды деректер де енгізілді.

Кітаптың таныстырылымында Жұбан Медетов есімді жасөспірім Жұбанның «Мен қазақпын» поэмасынан үзінді оқып берді. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева бала Жұбанға риясыз тілегін білдіріп, осы шараға арнайы келген ақын аттас ұлдарға сыйлық табыс етті.
Ж.Молдағалиевпен бірге «Еділ мен Жайық» әнін жарыққа шығарған Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов Жұбан орталығына өзінің әндер жинақтары, кітаптарын тарту етті.

«Тарих. Тағдыр. Тұлға: Жұбан Молдағалиев мұрасы» атты республикалық-аймақтық ғылыми-танымдық конференцияда ақын шығармашылығына талдау жасалды.
«Дәуір дауылпазы – Жыр-Жұбан» облыстық ақындар айтысына өңірден 12 ақын қатысып, бақ сынады.

Ақжайық жұртшылығы Желтоқсан көтерілісі кезінде батырлығымен көзге түсіп, жастарды қорғаған Жұбан Молдағалиевке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы көптен бері айтып, ұсыныс беріп келеді. Мерейтой барысында бұл да сөз болмай қалған жоқ.
Жұбан тойы дала қызықтарымен қорытындыланды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар мәресіне жеткенін жазған болатынбыз.