ҚТЖ дерегіне сенсек, 2025 жылдың 8 айында 44 адамды пойыз басып кеткен. Ауыр жарақат салдарынан 27 адам көз жұмған. Құқық бұзушылардың 39%-і мас күйінде, 36%-і белгіленбеген жерден өткен немесе құлаққапта болған, 14%-і вагон астымен жолдан өтсе, 11%-і — суицидтік жағдайлар.

— Зардап шеккендер арасында ересектердің қарауынсыз жолда қалған 1,5 жас пен 4 жас аралығындағы төрт бала бар. Серік Айқынбеков ата-аналарды балаларға темір жолдағы тәртіп ережелерін түсіндіруге және оларды жалғыз қалдырмауға шақырды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда пойыздың астына түсіп қалу жағдайы 29%-ке төмендеген, — делінген хабапрламада.
Спикер жолдарды қоршау қауіпсіздіктің толық кепілдігін қамтамасыз етпейтінін атап өтті, өйткені тұрғындар қоршауды қасақана бүлдіріп, ережелерді бұзады. Атап айтқанда, Шымкент бөлімшесінде толығымен қоршалған Қорғасын — Шымкент — Қызылсай учаскесінде екі жыл ішінде 7 адамды пойыз басып кеткен. Жол бойында барлығы 26 станция мен үш аралықты қамтитын 211 км қоршау тұрғызылды. Қосымша тағы 242 км қоршау салу қажет. 2026-2027 жылдарға 73,6 км қоршау салу жоспарланған.
— 8 айдың ішінде локомотив бригадалары 77 астам жол оқиғасының алдын алған. Жалпы, соңғы бес жылда теміржол өткелдерінде 124 ЖКО тіркелді, 2025 жылдың 8 айында — 16. ЖКО-ның негізгі себептері — жүргізушілердің асығуы және олардың жол жүру ережелерін сақтамауы, — деп жазды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Өткелдерде қауіпсіздікті арттыру үшін ҚТЖ бейнебақылау жүйелерін енгізбек. Бұл шара Қарағанды — Майқұдық өткеліндегі апаттылықты 2,4 есе, Шамалған — Ақсеңгір өткеліндегі апаттылықты 9 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда камералар 44 өткелге орнатылған. Әкімдіктерге бұзушылықтарды фото — және бейнетіркеудің 163 кешенін орнату және 60 жол өтпесінің құрылысын қарау жөнінде тапсырма берілді.
Заңнамаға сәйкес көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу және пайдалану мәселелері жергілікті атқарушы органдар құзыретіне жатады. Осыған байланысты ҚТЖ жол өтпелері мен жаяу жүргіншілер көпірлерінің құрылысына техникалық жағдай жасай отырып, жәрдем көрсетеді.
Бүгінгі таңда ҚТЖ 40 автожол өткелінің құрылысына техникалық шарттар берді, оның 7-і салынып үлгерген. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер үшін 22 көпір салуға техникалық шарттар берілді. Компания «ҚазАвтоЖол» балансына берілетін 52 жол өтпесінің құрылысы бойынша жобаларды өз бетінше іске асырып жатыр.
Сонымен қатар, 41 жаяу жүргіншілер көпіріне, 128 жаяу жүргіншілер өткеліне және 247 өткелге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ қозғалыс қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және теміржол көлігіндегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды жалғастырады.
Еске сала кетейік, тамыз айында Шығыс Қазақстанда екі әйелді пойыз басып кеткен еді.