— Бақдәулет Маратұлы, Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Биылғы ең басты жаңалық — елімізде ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына қосылып, жоғары деңгейге көтерілді. Бұған дейін олар бұқаралық спорт деңгейінен аспаған еді. Бұл — ел спорты үшін үлкен жетістік.
Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен кешенді жарыстар сәтті ұйымдастырылды. 2024 жылы Астананы дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, күні кеше Алматы облысында өткен республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары, алдағы халық ойындары — мұның бәрі елімізде спортты кеңінен дамыту бағытындағы нақты қадамдар.
Одан кейін аймақтардан шыққан азаматтар түрлі спорт федерацияларына жетекшілік етіп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі спорт ұйымдарын да құрып, ұлттық спорт түрлерін жаһандық аренада дәріптеуге атсалысып жатыр.

— Сөзіңіз аузыңызда, жуырда «Ақ бидай — 2025» ауыл спорты ойындарында БҚО құрамасы алғаш рет үздік үштікке енді. Бұл табысқа қалай қол жеткізілді деп ойлайсыз?
— «Ақ бидай — 2025» ауыл спорты ойындарына Батыс Қазақстан облысының құрамасы алғаш рет жоғары дайындықпен қатысып, жүйелі жұмыстың нәтижесінде жалпыкомандалық есепте қола жүлдеге ие болды. Мұның сыры неде десек, біз жарыс алдында барлық процесті саралап, нақты талдау жасап, қанша спортшы қатысатынын, қай спорт түрінен кемшіліктер кеткенін анықтадық. Сол негізде облыстық іріктеу турнирлерін тиісті деңгейде ұйымдастырып, әрбір спортшы мен жаттықтырушыға, жауапты мекемелерге нақты талап қойдық. Қажетті жаттығу жиындарын өткізіп, федерациялар мен басқарма тарапынан бүкіл сұранысты орындап, бір мақсатқа жұмыла дайындалдық.
Жарысқа қатысатын аттар жеткізіліп, спортшылар құрал-жабдық, экипировка мен дәрі-дәрмектерге дейінгі бүкіл қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бұл — басқарма мен федерациялардың біріккен жұмысының жемісі. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленіп, сенсациялық көрсеткішке қол жеткізді. Жеңіс кездейсоқ емес, бұл — тиянақты еңбектің, ұйымшылдық пен кәсіби дайындықтың нәтижесі.
Біз мұнымен тоқтамаймыз. Алда жаңа белестер мен биік мақсаттар тұр. Ендігі меже — алғашқы екі команданың бірі атану немесе чемпион болу.
— Ұлттық спорттық түрлерінен қайсысын олимпиада бағдарламасына енгізуге болады, бұл бағытта не істелуі керек деп санайсыз?
— Қазіргі таңда республикада ресми түрде тіркелген 11 ұлттық спорт түрі бар. Солардың ішінде, менің ойымша, 2 немесе 3 түрін халықаралық деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Бұл спорт түрлері — тоғызқұмалақ, қазақ күресі және жамбы ату. Неліктен бұл үш спорт түрін атап өттім? Себебі, әрқайсысының артында халықаралық федерациялар бар, олардың саны 40-тан асады. Бұл спорт түрлері бойынша көп жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, әлем және Азия чемпионаттары, Еуразия ойындары, әр екі жылда өтетін Көшпенділер ойындары сияқты халықаралық алаңдарда тоғызқұмалақтан жарыс өткізіліп келеді. Бұл спорт түрін әлемнің көптеген елдері дамытуда. Соның арқасында тоғызқұмалақты Азия ойындарының бағдарламасына кіргізу бағытында жұмыс жүріп жатыр.

Жамбы атуға келсек, бұл спорт түрі халықаралық деңгейде «ат үстінде садақ ату» деп аталады және әр түрлі этностардың ұлттық ойындары болып есептеледі. Осы спорт түрінде де халықаралық федерациялар бар: Еуропалық федерация Францияда және Азия федерациясы Оңтүстік Кореяда тіркелген, олар өз жұмыстарын жақсы жүргізіп жатыр. Алда, 5 жылдан кейін Қатар мемлекетінде өтетін Азия ойындарына жамбы атуды енгізудің ықтималдығы жоғары.
Қазақ күресі жайлы айтсақ, 2017 жылы Ашхабадта өткен жабық Азия ойындарында бұл спорт түрі алғаш рет таныстырылды. Қазақ күресі Дүниежүзілік күрес түрлері федерациясының мүшесі және халықаралық жарыстар жиі өтіп жүрген спорт түрі екені мәлім. Сондықтан оны әлемдік деңгейде кеңінен дамытуға болады. Дегенмен, бұл жерде баламалы спорт түрлері, мысалы, самбо мен дзюдо бар. Бірақ біздің қазақ күресіміздің ерекшелігі де жоқ емес. Мысалы, самбода қысқа шорты киілсе, дзюдода ұзын кимономен күреседі, ал қазақ күресінде балуандар беренмен шығады. Берен болат пен былғарыдан жасалған сауытты білдіреді. Тағы бір айта кететін жағдай, қазақ күресінің атауын өзгерту мәселесі қазіргі уақытта жиі көтеріле бастады. Бұл өзгеріс ұлттық құндылықтармен байланысты және халықаралық аренада дамудың жолын ашуы мүмкін. Атауын өзгерту арқылы қазақ күресін әлемдік деңгейде таныту мүмкіндігі жоғары екеніне сенемін.

— Өзіңіз айналысқан қазақ күресінен жыл сайын ұйымдастырылатын «Қазақстан барысы» жөнінде не айтар едіңіз? Батыс Қазақстан облысынан жүлде алатындай балуанның шықпауы неліктен?
— Қазақ күресі мен «Қазақстан барысының» дамуына көп адам араласып келеді. Бұрын кейде бәсеке деңгейі төмен, айналымдары да шектеулі болатын. Бірақ қазір жағдай өзгерді деп ойлаймын, себебі ерлер арасындағы жарыстар көбейді, жүлде қорлары артты, бұл «Қазақстан барысында» табысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда, бір кемшілік бар. Күні бүгін «Қазақстан барысы» бұрынғы үлкен имидждік бренд мәртебесінен айырылып жатыр. Бұрын көп балуандарымыз шеберлікпен, сапалы күрес көрсете алатын, сайысқа деген қызығушылық жоғары еді. Бірақ қазір бұл азая бастады. Негізгі себеп — «Қазақстан барысын» бизнеске айналдыру. Мысалы, жүлдеге үміткер балуандар жиналып, 1-3 орындарды келісіп, бөлісіп алады. Бұл халық үшін қызықты, тартысты күрес көрсетуге кедергі келтіреді. Келісім бойынша күресу спорттың рухына сай емес. Соның салдарынан ауыр салмақтағы балуандар арасындағы жарыстар азайып кетті деп ойлаймын.
Батыс Қазақстан облысының балуандарына тоқталсақ, Қазақ күресі қауымдастығымен бірлесіп еңбектеніп жатырмыз, оң нәтиже көрсету үшін барынша күш саламыз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында БҚО құрамасының алғаш рет үздік үштікке іліккенін жазған едік.