Оның айтуынша, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.
— Қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, қазіргі уақытта дәлелдемелік база жинақталып жатыр. Қалғанының бәрі процессте жария етіледі, — деді ол.
Қайрат Қожамжаровтың нақты қайда екендігі туралы сұраққа спикер тергеу мүдделерін алға тартып, пікір білдіруден бас тартты.
Сонымен бірге, бас прокурор орынбасарының хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаев пен Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің экс-бастығы Олеся Кексельге қатысты жеке қылмыстық істер қозғалған.
— Бұл әртүрлі істер, бірақ азаптау фактілері бойынша ұқсас. Татубаев қамауға алынды. Ал Кексельдің жас сәбиі бар, сондықтан оның статусы анықталып жатыр, — деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, қыркүйек айының басында Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және әртүрлі кезеңде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді.