Елордалық клуб жаңа маусымды сәтті бастаған еді. Астанада өткен төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Дегенмен одан кейін қатарынан үш мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Сол сәтсіздік бүгінгі ойында да жалғасты.
Ресейлік команда да биыл сәтсіз ойын көрсетіп жатыр. Қазірге дейін жеті кездесудің екеуінде ғана қарсыласын қапы қалдырды. Сондықтан олар елордадағы кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді.
Кездесу барысында «Ак Барс» сапынан Владимир Алистров небәрі 14-секундта қақпадан саңылау тауып кетті. Одан кейін ресейлік клубтың тағы бір хоккейшісі Никита Дыняк 42-минутта есепті үстемелесе, оған «Барыс» сапынан Майк Веккионе 43-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберіп, қатарынан төртінше мәрте жеңіліске ұшырады.
Енді елордалық клуб алдағы үш ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 27 қыркүйекте Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен ойнаса, 29 қыркүйекте «Адмирал» (Владивосток), 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командаларымен кездеседі.