Кездесу Қазақстан уақытымен 16:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 56 мәрте кездескен. Оның 28-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Биыл «Барыс» жеті кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді. Ал «Сибирь» жеті кездесудің төртеуінде қарсыласын қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Барыс» 7 ұпаймен 19 орында тұрса, «Сибирь» 8 ұпаймен 17 орынды місе тұтып тұр.
Енді елордалық клуб алдағы екі ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 29 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасын қабылдаса, 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командасымен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.