Шенеуніктер мынадай фактілерді келтіріп отыр. Ертең, 21 қыркүйекте елордада жылдың ең үлкен шоуларының бірі – аты аңызға айналған Backstreet Boys тобының концерті өтеді, оған 45 елден 12 мыңнан астам қонақ келеді. Концерттің жалпы көрермені 30 мыңнан асады.
Астананың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметі бойынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Астанаға шамамен 750 мың турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артқан. Оның 180 мыңы шетелдік қонақтар болды. Келушілер саны бойынша бірінші орында Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия болды.
Биылдың өзінде елордада ондаған ауқымды шаралар өтті. Comic Con Astana 2025 рекордтық 70 000 қатысушыны, оның ішінде 36 елден 10 мың қонақты тартты. Экономикалық әсер 3,5 миллиард теңгеден асты. Дженнифер Лопестің концертіне 30 мыңнан астам көрермен жиналды, олардың үштен бірі шетелдіктер болды. Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда әлемге әйгілі жұлдыздардың концерттерін ұйымдастыратын компаниялар тобы 2025 жылдың соңына дейін бюджетке 1 миллиард теңгеден астам салық төлейтін болды.
– Елорда мәдениет, спорт, медицина және инновациялар тоғысатын алаңға айналып келеді. Біз туристер тарапынан да, халықаралық серіктестер тарапынан да қызығушылықтың артып келе жатқанын байқап отырмыз, — деп атап өтті «Астана» туризмді дамыту орталығының басқарма төрағасы Артем Квашук.
Оның айтуынша, IFLA Дүниежүзілік кітапхана конгресі, Астана халықаралық форумы, халықаралық медициналық және ғылыми конгрестерді қоса алғанда, 200-ден астам ірі іс-шара жоспарланған. Бір ғана IFLA Астанада 114 елден 1 600-ден астам делегаттың басын қосты.
– 2024 жылы елордалық клиникаларда JCI халықаралық стандарттарына сәйкес келетін 4 500-ге жуық халықаралық пациентке білікті көмек көрсетілді. Онкология, кардиохирургия, репродуктивті медицина және check-up бағдарламалары үлкен сұранысқа ие, — деді А.Квашук.
Іс-шара туризмімен қатар медициналық туризм де қарқынды дамып келеді.
– Мәдени шаралар мен халықаралық концерттер Астана үшін жай ғана шоу емес, олар қаланың туризмі мен экономикалық тартымдылығын арттырып жатыр, — дейді «Астана туризмді дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы.
Алматы қонақүйлері туристерден 50 миллиард теңгеден астам табыс тапқаны бұған дейін хабарланған болатын.