Бас бапкер әлем чемпионатында алға қойған мақсатын орындағанын айтты. Сондай-ақ, алда Олимпиада ойындары келе жатқанын еске салды.
— Олимпиада арманымыз ғой, мақсатыма жеткім келеді. Кәдеттер және жастар арасында әлем чемпионы бар. Әлем чемпионатындағы басты мақсатымыз ересектер арасында алтын медаль жеңіп алу еді. Сол мақсатымызға жеттік. Алда 2028 жылғы Олимпиада ойындары келе жатыр. Арманым — Олимпиада чемпионын баптап шығару, — деді ол.
Қонысбек Төкенов финалдық белдесуді еске алып, қарсыласқа тыңғылықты дайындалғанын айтты.
— Айдосты арнайы Әсет Иманбаев жеке жаттықтырды. Ал біз сырттай барлық жағдайды істеп жүрдік. Өзбек балуанына арнайы тактика дайындадық, басынан өзінің ерекше әдістерін қолдану туралы тапсырдық. Негізі 6 минут күресуге дайындалған едік. Айдосымыз ерлеп бір жарым минутта жеңісті қанжығалады, — деді бапкер.
Соңында, бас бапкер шәкіртінің жеңістен кейін эмоцияны іште ұстағанын, елге келіп айрықша қуанышты сезімге бөленіп жатқанын жасырмады.
Айта кетейік, Президент грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды құттықтады.
Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали бүгін елордаға оралды.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Айдос Сұлтанғали Қазақстан тарихында грек-рим күресінен 26 жылдан кейін әлем чемпионатында алтын алды.