Ақтөбеге ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев келді. Тұрғындармен кездесуде ауа райының ластануы, түрлі қалдықтарды жою, кәріз-сорғы стансасының құрылысы жайлы сөз болды. Тұрғындар мен табиғат жанашырлары алдымен ластанған атмосфера туралы сұрады.

— Елімізде ТОП-50 тізімі бар. Бұл тізімге экологияға залал келтіріп тұрған ең ірі өндіріс орындары енген. Қоршаған орта эмиссиясының 80 пайыздан астамы осы ТОП-50 компанияға тиесілі. Соның ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, ERG компаниялар тобына кіретін зауыттар мен өзге мұнай компаниялары бар. Қазіргі кезде осының ішінен ERG компаниялар тобына кіретін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ең үздік қолжетімді техникаларды енгізіп жатыр. Алдағы 10 жылдың ішінде компания еуропалық стандартқа жетуі тиіс. Міндет осы. Зауыт өнеркәсіп эмиссияларға салықтық экологиялық төлемдерді төлеуден босатылады. Егер талап орындалмаса, бәрі кері қайтарылады. Бұл жауапкершілікті арттыратын бағыт. Бірақ Ақтөбедегі мұнай-газ саласындағы ірі өндіріс орындары ең үздік қолжетімді техникаларды енгізуге құлықсыз. Биыл да, келер жылы да олардың жоспарында жоқ, — деді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.
Оның айтуынша, бұл өндірісті жаңғырту әрі экологиялық ахуалды жақсарту жолы.
Айта кетейік, Ақтөбеде құны 53,5 млрд теңге болатын Кәріз-сорғы стансасының құрылысы 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазіргі кезде қаланы қамтып отырған жалғыз стансаның тозу көрсеткіші 70 пайызға жетті. Бұл қазір ауаны ластаушы көздің бірі.
Сонымен бірге Алға химия зауытындағы 730 мың тонна қалдықтың қашан жойылары белгісіз.