Қылмыстық іс 2024 жылдың 22 қарашасы күні қозғалды. Бұл туралы ақпарат тілшілерге 2025 жылдың қаңтарын айында хабарланып, Ақтөбе облыстық полиция департаменті тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы негізінде жауапқа тартылғандардың іс-әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 135-бабы 1-бөлігінде көрсетілген (Кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау) қылмыстық құқық бұзу құрамы жоқ деп танылды. Соған сәйкес бұл іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы бойынша тоқтатуға жатқызылды, — деп хабарлады ІІМ-нің баспасөз қызметі Kazinform тілшісінің сауалына.
Еске салсақ, полиция перзентханада жаңа туған нәрестені сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Барлық мән-жайды және қатысы бар адамдарды анықтау үшін қажетті тергеу жүргізілді.
Былтыр Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Сол кезде балаларды, әсіресе, жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне тосқауыл қою үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жаңа баппен толықтырылды.