Екі қабатты үй 1964 жылы салынған. Содан бері үй күрделі жөндеу көрмей, бүгінде шатыр жабындысының кейбірі ұшып кетіп, жаңбырда су ішке ағатын күйге түсті. Қасбетіндегі кірпіш те тінінен ажырап, құлайын деп тұр. Мұнда пәтер иелері кооперативі де, басқарушы да жоқ.

— Үй апатты жағдайда тұр. Бұл үйдің адамдары 10 жыл бұрын құжат тапсырып, әкімдіктен жауап күтіп жүр. Өзіміз жыл сайын ретке келтіріп, шатыр жабындысын да саламыз. Бірақ қатты желде ұшып кете береді. Бірақ үйдің күйі, жағдайы нашарлап бара жатыр. Кіреберістегі қабырғалары жарылып, төбесі де құлағалы тұр, — деді қала тұрғыны Ғалымжан Исатаев.

Ал 2015 жылдан бері осы үйде тұратын Ерболат Хамзиннің айтуынша, олар көктем мен күзде қиналады. Жаңбыр жауғанда, қар ерігенде судан зардап шегеді.
— Мұнда әу баста ыстық су құбыры тартылмаған. Суды жылытып пайдаланамыз. Таяуда электр тогынан от шығып, өзіміз сөндірдік. Үй ағаштан салынған соң екінші қабатта тұратын тұрғын суға түсіп жатқан жерінен бірінші қабатқа құлаған. Ол ваннасымен бірге бірінші қабатқа түсіп, ауруханада ем алды. Жыл сайын әкімдікке айтамыз, жазамыз, бірақ көмек болмады, — деді ол.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, Ақтөбе қаласы Тургенев № 2 мекенжайындағы үй апатты деп танылмаған.

— Тұрғындар қалалық тұрғын үй инспекциясына келуі тиіс. Жиналыс өткізіп, техникалық қорытынды берілуі керек. Арнайы мамандар үйді қарап, акт жасайды. Егер үй апатты деп танылса, тұрғын үй қорына мұқтаж азамат ретінде кезекке тұрады. Ал егер күрделі жөндеуге жараса, мемлекеттік бағдарлама түсіндіріледі. Тұрғындарға 0,1% үстемеақымен ақша беріліп, жөндеу жасалады, — деді Ақнұр Қазбаева.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында апатты деп танылған 28 көпқабатты үй бар. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде апатты деп танылған жаңа үйдегі пәтерлерді банктегі кепілден шығару қиынға соғып тұр. Есет батыр тұрғын алабындағы бес қабатты екі үйдің бірі ғана мемлекеттік мекеме балансына өтті.