Оксана Забиякина Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының (қазіргі Біржан сал ауданы) Уәлиханов ауылында дүниеге келген. 2005 жылы биология және химия мамандығы бойынша университетті үздік бітірген. Еңбек жолын Ерейментау қаласындағы Насыр Смағұлов атындағы мектеп-лицейде биология және химия пәнінің мұғалімі болып бастап, осы күнге дейін сонда қызмет етіп келеді.
— Менің отбасымда барлаға педагог. Анам ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып, мектепте 40 жылға жуық еңбек етті. Ол — білім беру саласының үздігі. Сондықтан бала күнімнен сүйікті ойыным мектеппен байланысты болды. Бұл менің мамандық таңдауыма әсер етті деп ойлаймын, — дейді ұстаз.
Оксана Сергеевна жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бағдарламасын алғашқылардың бірі болып жүзеге асырған педагогтардың қатарында. Қазіргі уақытта ол биология мен химия пәндері бойынша ағылшын тілінде бірнеше оқу құралдарының авторы. Атап айтқанда, 6-сыныпқа арналған «Botany in English», 7-сыныпқа арналған «Biology in English», 8–9 сыныптарға арналған «Chemistry in English» атты жұмыс дәптерлері мен 8–11 сыныптарға арналған биологияның базалық курсы бойынша дидактикалық материалдар жинағын әзірлеген. Сондай-ақ, «Биология және химия сабақтарында STEAM тәсілдерін қолдану» тақырыбында шығармашылық және зерттеу жұмысын жүргізеді.
«Биология мен химияны ағылшын тілінде оқыту жүйесін» қалыптастыру жөніндегі тәжірибесі республика мұғалімдерінің үздік педагогикалық тәжірибелер банкіне енгізілген.
— Мектеп пен университетте ағылшын тілі жақсы деңгейде болды. Оның үстіне анам ағылшын тілінің мұғалімі болғандықтан, тілге қызығушылығым ерте қалыптасты. 2016 жылдан бастап биология мен химияны ағылшын тілінде оқытуды кезең-кезеңімен енгізе бастадым. Алғашында факультатив түрінде өтсе, кейіннен толыққанды сабақ жүйесіне айналды. Бұл жүйе әмбебап болып шықты және менің тәжірибем республикалық оқу-әдістемелік кеңесте жинақталып, мақұлданды, — деді педагог.
Оксана Сергеевнаның ұстаздық қызметіндегі басты ерекшелік өзін-өзі жетілдіруге, жаңа ізденістерге ұмтылуы. Ол үнемі кәсіби байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Оның шәкірттері де түрлі деңгейдегі байқаулар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары атанып келеді.
Оқушылардың айтуынша, пәндерді ағылшын тілінде оқу олардың қызығушылығын арттырып, тілді меңгеруге қосымша мүмкіндік береді.
— Көптеген баланың отбасында «химия мен биология қиын пән» деген қорқыныш қалыптасқан. Ал мен алғашқы сабақтардан бастап осы психологиялық кедергіні жоюға тырысамын. Оқушылар сабақ кезінде жымиып, пәннің қызықты екенін түсінген сәтте қорқыныш сейіліп, білім алуға деген ынта артады, — дейді ұстаз.
Президенттің марапаты Оксана Сергеевна үшін күтпеген жаңалық болған. Бір күні кешке оған қоңырау шалып, мемлекеттік наградаға ұсынылғанын және Астанаға келуі қажет екенін хабарлаған.
— Толыққанды ештеңе айтпады. Ал марапатты Мемлекет басшысының өзі табыстайтынын білген сәттен-ақ қатты толқыдым. Бұл сенім, еңбегіңнің жоғары деңгейде бағалануы. Енді сол сенімге лайық болу үшін одан әрі еңбек ету керек, — деді ол.
Ұстаз көптеген түлек тәрбиелеп шығарды. Бүгінде олардың арасында дәрігерлер, ірі компаниялардың зертханашылары, биотехнологтар, фармацевтер, мұнай-газ саласының мамандары бар. Олар Қазақстанда ғана емес, шетелде де табысты еңбек етіп жүр.
— Ұстаздар күні қарсаңында барша әріптесімді мерекемен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жаңа шығармашылық табыс пен шабыт тілеймін. Ең бастысы шәкірттеріміздің білімге деген құштарлығы сөнбесін, — деп жылы лебізін білдірді педагог.
Бұған дейін математика пәні мұғалімі Аян Сәбитов туралы жазған едік.