Он күнге созылған байрақты додада 17 облыстан 3 мыңға жуық спортшы бақ сынады.
Жарыс қорытындысында жалпыкомандалық есепте 498 ұпаймен Түркістан облысы топ жарды.
Екінші орынға Алматы облысы өкілдері (428 ұпай) көтерілді.

Батыс Қазақстан облысы командасы 385 ұпаймен алғаш рет өз тарихында үшінші орынға ие болды.

БҚО-дан 200-ге жуық спортшы 20 спорт түрі бойынша сынға түсті.
Солардың ішінде, айталық, дәстүрлі садақ атудан батысқазақстандық сұрмергендер командалық есепте үздік атанды. Тоғызқұмалақтан Бектас Кенжеғалиев пен Қарақат Сәлімғали алтыннан алқа тақты. Қазақ күресінен Тайман Нұрғалиев пен Мейірім Айғали қарсылас шыдатпады.
Сондай-ақ шағын футболдан БҚО құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Басқа да спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрініп, команданың ұпай қорын толықтыруға өз үлестерін қосты.
Бұдан төрт жыл бұрын өткен «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында Батыс Қазақстан облысы 14-орында қалған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» футбол клубының бірінші лигаға жолдама алғанын жазған едік.