Оның сөзінше, қолданыстағы метро желісі Абай даңғылы бойымен Алатау көшесі арқылы «Барлық» станциясына дейін ұзартылады — 3 метро бекеті болады (5,3 км). Оның құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Одан бөлек Алмасхан Сматлаев метроны «Жібек жолы» бекетінен Алматы әуежайына дейін жеткізу жоспары туралы баяндады.
— Бұл бағытта 8 бекет пен 14 шақырым метро желісі салынады. Ол Гоголь көшесі арқылы Орталық демалыс саябағы арқылы өтеді. Әрі қарай Шығыс автомобиль айналма жолына шығып, әуежайға дейін жетеді. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптамадан 2026 жылдың қаңтар-ақпан айында өтеді, — деді ол.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары метро желісінің үшінші бағытына тоқталды. Бұл жоба бойынша «Сайран» бекетінен Алатау қаласына дейін 12 бекет (21,5 км) салу жоспарланған. Техникалық-экономикалық негіздеме 2026 жылдың желтоқсан айында дайын болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метрополитенінің үшінші желісі Алатау қаласынан «Мизам» базары арқылы қазіргі «Сайран» метро бекетіне дейін салынуы мүмкін екенін жазғанбыз.