Алматы әкімдігінің мәліметінше, Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жобасы тротуар мен веложолдары бар алты жолақты жолды қамтиды. Оның жалпы ұзындығы — 2,3 шақырым. Нысанның құрылысы үшін қажет 220 жер учаскесінің қазір 183-і сатып алынған.
Сондай-ақ Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту үшін де жер учаскелерін сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы — 3,9 шақырым. Бүгінде 365 жер учаскесінің 120-сы сатып алынған.
Бұған дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев мегаполистің Абай, Саин, Рысқұлов, Төле би және Жұбанов көшелерін ұзарту жұмыстарының нақты мерзімдерін атады:
— Абай даңғылы (0,6км) мен Саин көшесін (3,2 км) ұзарту жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады;
— Рысқұлов даңғылы (2,3 км) мен Төле би (4,5 км) көшесін ұзарту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады;
— Жұбанов көшесін (3,9 км) ұзарту жұмыстары 2027 жылдың соңына дейін аяқталады.
Еске салайық, Алматыда Төле би көшесін ұзарту үшін 270 жер телімінің 211-і сатып алынды.