Алматы қалалық Медициналық сақтандыру қоры филиалының мәліметінше, 2025 жылы ЭКО бағдарламасына 2,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат процедураны МӘМС жүйесі арқылы тегін өтуге мүмкіндік береді.
— ЭКО — бедеулікпен күрестің мүмкіндігі Экстракорпоралдық ұрықтандыру — бедеулікке қарсы ең тиімді әдістердің бірі. Қазіргі заманғы репродуктивті технологиялар табиғи жолмен бала сүю мүмкін болмайтын жағдайларда да ата-ана болуға көмектеседі, — деп түсіндірді МӘМС мамандары.
ЭКО-ға МӘМС арқылы қалай түсуге болады
1. Тіркелген емханаға жүгіну.
2. Тексерістен өтіп, «бедеулік» диагнозын растау.
3. Диагноз қойылғаннан кейін 12 ай ішінде дәрігер құжаттарды жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) жөніндегі комиссияға жолдайды.
4. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда пациент ЭКО-ға жолдама алып, процедураны жүргізетін клиниканы өзі таңдайды.
ЭКО-ға кімдер үміткер бола алады
ЭКО процедурасына Қазақстан азаматтары мына талаптарға сай келген жағдайда қатыса алады:
• репродуктивті жаста болуы (АМГ 1 нг/мл және одан жоғары),
• соматикалық және эндокриндік статусы қалыпты болуы,
• овариалдық резерв қанағаттанарлық болуы.
— ЭКО рәсімі ресми некеде тұрған ерлі-зайыптыларға да, некесін тіркемеген жұптарға да қолжетімді. Басты шарт — екі тараптың жазбаша келісімі болуы, — деп хабарлады Алматы қаласы бойынша МӘМС филиалынан.
Еске салайық, бұған дейін МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан астам адам қамтылатынын жазғанбыз.