Бұл – өте күрделі процедура, өйткені СТЖБ – бет қаңқасының негізгі түйін нүктесі. Ол төменгі жақтың қозғалысын үйлестіріп, шайнау, сөйлеу мен мимика үшін жауап береді, тістер мен бұлшықеттер арасындағы жүктемені бөледі әрі амортизатордың қызметін атқарады. Буынды ауыстыру үшін дәрігерлерге жақ сүйегін 3D-модельдеу жұмыстарын жасап, анатомиялық тұрғыдан дәл келетін материал дайындауға тура келді.
17 жастағы жасөспірім 11 жыл бойы төменгі жақ сүйегінің деформациясынан зардап шегіп келген. Ұзақ уақыт ішінде оның тістемі (прикус) дұрыс емес дамыған. Ал тұрақты сыздаған ауырсыну аузын толық ашуға және тағамды қалыпты шайнауға мүмкіндік бермеген. Оң жақ бөлігі дұрыс дамып жатқанымен, сол жағында айқын ақау байқалған. Иек солға қарай ығысқандықтан, бет пішіні асимметриялы көрініп, жасөспірімнің құрдастарымен қарым-қатынасында психологиялық жайсыздық тудырған.
Мұның барлығына құлақ маңы шайнау аймағындағы ісік, яғни тамырлық түзіліс себеп болды. 6 жасында балаға ісікті алып тастау үшін ота жасалған, алайда уақыт өте келе ол қайта пайда болған. Соңғы екі жыл бойы қайталанған ісік склероздаушы терапия әдісімен емделді. Бұл – проблемалы тамырды немесе қуыс бөлікті арнайы препарат енгізу арқылы жою тәсілі. Препарат бақылалу түрде тамыр қабырғаларын қалпына келтіріп, тамырдың жабылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Биыл қыркүйек айында ата-анасы ұлын Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жақ-бет хирургінен кеңес алуға алып келген. Тәжірибелі дәрігерлер – Серік Балташұлы Нұрмағанов пен Аида Эрнстқызы Уразаева самай-төменгі жақ буынын эндопротездеу отасын жасауды ұйғарды.
«Науқаста туғаннан бері тамырлық патология – құлақ маңы шайнау аймағының гемангиомасы болған, ол кезең-кезеңімен склероздаушы терапия арқылы ем қабылдады. Гемангиома (жаңа номенклатура бойынша – мальформация) сәтті емделді. Алайда оның салдары ретінде төменгі жақ сүйегінің сол жақ бөлігі дұрыс дамымаған – буын басы, тармағы, бұрышы мен сүйек денесінің бір бөлігі гипоплазияға ұшырап, жартылай атрофия байқалды. Бұл аузын толық ашуға шектеу қойып, бет қаңқасының деформациясына әкелді. Біз барлық зерттеулерді, компьютерлік модельдеуді жүргіздік және осы деректердің негізінде арнайы тапсырыспен төменгі жақтың сол жақ буын, тармақ, бұрыш және сүйек денесі аймағына жеке протез дайындалды. «Төменгі жақ сүйегін резекциялау және бір мезетте самай-төменгі жақ буынын, тармағын, бұрышын, денесін эндопротездеу» отасы жасалды. Өзгеріске ұшыраған тіндер мен деформацияланған буын алынып тасталды, буын ойығы мүлдем болмаған. Осы жеке эндопротездің көмегімен біз төменгі жақты толық қалпына келтірдік. Шайнау, сөйлеу, ауыз ашу функциялары толық орнына келді. Ең бастысы – бет пішіні өзгеріп, симметрияға қол жеткізілді. Енді ол өз құрдастарымен еркін араласа алады, әрі қарай деформация қаупі жоқ, өйткені бет қаңқасы қалыптасып үлгерді»,
– деді Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жақ-бет хирургі, медицина ғылымдарының докторы Серік Нұрмағанов.
Бұл – Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы базасында жасалған самай-төменгі жақ буынын эндопротездеу бойынша екінші ота.
Аталған орталық жақ-бет аймағында түрлі патологиясы бар балалар мен жасөспірімдерді қабылдауға дайын. Хирургтар сүйек және жұмсақ тіндердегі ақауларды жеке дайындалған протездер арқылы қалпына келтіруге қабілетті.