Алматы қаласының мәдениет басқармасының мәліметінше, бұл — кейінгі жылдардағы алғашқы төл және Қызыл кітапқа енген сирек түрді сақтауға қосылған маңызды үлес.
— Амур жолбарысы жойылып кету қаупі бар түрге жатады. Сондықтан мұндай жануарлардың зообақ жағдайында көбеюі генетикалық алуандықты сақтауда және популяцияны қорғауда аса маңызды рөл атқарады. Жолбарыстар жұбын қалыптастыру оңай емес: табиғатынан олар — жалғыз жүретін жыртқыштар. Зообақ мамандары жолбарыс серігін мұқият таңдап, вольерді дайындап, жануарлар өздерін қауіпсіз сезінетін жағдай жасады. Соның арқасында сау төл алуға мүмкіндік туды, — деп хабарлады басқармадан.

Жолбарыс күшіктері 14 маусымда дүниеге келіп, алғашқы айларын арнайы тыныш аймақта өткізген. Бұл — шу мен сыртқы дыбыс пен көзге түсетін әсерлерді азайтатын арнайы вольер. Мұндай жағдай аналық жолбарыстың күйзелісін төмендетіп, төлдің дұрыс дамуына қажет.
— Амур жолбарыстарының өте мықты аналық түйсігі бар және оқшаулануды қажет етеді. Алғашқы айларда төлін қорғау үшін кез келген сыртқы дыбысқа аса сезімтал болады. Сондықтан біз оған акустикалық және визуалдық әсері төмен орта жасадық. Осы уақыт бойы отбасы күнделікті ветеринарлық бақылауда болды. Қазір карантин аяқталды, күшіктердің жағдайы жақсы, нағыз жолбарысқа тән қылықтарын көрсете бастады, — деді зообақтың бас ветеринарлық дәрігері Виталий Сачков.
Алдағы демалыс күндері анасымен бірге жолбарыс күшіктері жаңа вольерге көшіріледі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы циркі мен қалалық зообақтың жаңа жобасы 100 млн теңгеге әзірленіп жатқанын жазғанбыз.