Финалда ол 13 дүркін әлем чемпионы, словакиялық Лусия Дебрановамен кездесіп, тәжірибелі қарсыласына еш мүмкіндік бермей сенімді жеңіске қол жеткізді.
Осылайша қазақтың қаршадай қызы алғаш рет әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатты.
— Қол күреспен бес жылдан бері айналысып келемін. Бұл жеңіс — мен үшін үлкен қуаныш. Көп жылғы еңбегімнің, ата-анам мен бапкерлерімнің сенімін ақтағаныма мақтанамын. Әр жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындаламын. Бұл жолы да жақсы дайындықпен жарысқа шықтым, — деді жас чемпион.
Ұлболсын өз жетістігін туған жеріндегі «Шардара Армспорт» клубының еңбегімен байланыстырады.
— Біздің клубтың негізін қалаушы Арман Қарсыбаев әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ аға жаттықтырушыларымыз Нұржан Тұрақұлов, Ғани Малбасов, Сейфулла Нұрхаликов, Асан Байғозиев, Дархан Асылбековке және менің жеке бапкерім — Меруерт Қалықұловаға алғысым зор, — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлболсын Елмұрат Қазақстан және Азия чемпионаттарының, Әлем кубогының жеңімпазы атанған. Енді жас спортшы үлкен спортта жаңа белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 16 жастағы қазақ қызы қол күрестен 13 дүркін әлем чемпионын жеңгенін жазған болатынбыз.