Алғашқы бағыт — Маңғыстау облыстық шұғыл және жедел медициналық көмек станциясының құрылысы болды. Бүгінде жаңа ғимараттың құрылысы 65%-ға аяқталған. Жобаның жүзеге асырылуы өңір тұрғындарына шұғыл көмек көрсетудің заманауи базасын құрып, медициналық бригадалардың әрекет ету жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Одан кейін вице-министр облыстық балалар ауруханасының ғимаратын қарап, оның техникалық жағдайымен танысты. Ол мекемені одан әрі жаңғырту қажеттігін атап өтіп, балаларға арналған медициналық инфрақұрылымның қазіргі заманғы қауіпсіздік, қолайлылық және медициналық қызмет көрсету сапасы талаптарына сай болуы керектігін ерекше атап өтті.
Сапар барысында Тимур Мұратов Маңғыстау облыстық онкология орталығының жанынан ашылған позитрондық-эмиссиялық томография орталығында болды. Бұл — Батыс өңіріндегі алғашқы, әрі әзірге жалғыз орталық.
Заманауи жабдық онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға және тиімді емдеу тәсілін құруға мүмкіндік береді. Вице-министр алғашқы пациенттермен әңгімелесіп, диагностикалық үдерістің ұйымдастырылуымен танысты.
— Маңғыстау облысындағы медициналық инфрақұрылымды күшейту — Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінің басты назарында. Позитрондық-эмиссиялық томография орталығының іске қосылуы Батыс өңірінің тұрғындары үшін сапалы онкологиялық диагностиканың қолжетімді болғанын білдіреді. Бұл — адам өмірін сақтап қалуға жол ашатын маңызды қадам, — деп атап өтті Тимур Мұратов.
Денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларымен өткен кеңес барысында вице-министр медициналық кадрларды тарту, нысандарды жаңғырту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тапсырмалар берді.
Бағдарламаның жеке тармағы ретінде Қосбұлақ ауылында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қаралды.
Тимур Мұратов нысан құрылысын сапалы, әрі уақытылы аяқтауды, сондай-ақ оны лицензиялауға және пайдалануға беруге дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Еске салайық, Ұлытау облысының Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспары бекітілді.