— Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін жоғары оқу орындарында инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Жетекші университеттердің базасында ғылым мен практиканы ұштастыратын жасанды интеллект бойынша арнайы орталықтар мен зертханалар құрылды. Сонымен қатар, еліміздегі Қазақ ұлттық университеті, Еуразиялық ұлттық университеті, Сәтбаев Университеті, Назарбаев Университеті сияқты жоғары оқу орындарының базасында суперкомпьютерлердің академиялық кластері қалыптасуда. Алдағы уақытта бұл қуаттарды бірыңғай желіге біріктіріп, елдің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарының қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр, — деді С. Нұрбек.
Оның айтуынша, жасанды интеллект дамуы тек есептеу қуаты мен ғылыми инфрақұрылымды ғана емес, ең алдымен барлық студент пен мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы базалық сауаттылығын арттыруды талап етеді. Осы мақсатта Президенттің 2024 жылы берген тапсырмасын орындау аясында, AI-Sana бағдарламасы әзірленіп, оны кезең-кезеңімен іске асыру басталды. Бағдарлама барлық деңгейдегі студенттерді, магистранттарды және жас зерттеушілерді қамтиды.
— Бірінші кезеңде 650 мың студентті жасанды интеллект негіздеріне оқыту көзделген. Қазіргі кезде 440 мың студент курстардан өтіп, сертификат алды. Олар Huawei, Coursera, Astana Hub және университеттердің жеке бағдарламалары бойынша оқыды. Келесі кезеңдерде – жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту, технологиялық кәсіпкерлік, салалық жобалар әзірлеу және стартаптарды акселерациялау жоспарланған. Осылайша, AI-Sana бағдарламасы ЭКСПО аумағында орналасқан Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығы үшін адами капиталдың негізгі көзі болады, — деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаның бірінші кезеңінің өзінде студенттер жасанды интеллект негізінде 119 «жасанды интеллект көмекшілерін» әзірледі. Жыл соңына дейін тағы шамамен 400 жаңа жасанды интеллект-агенттер іске қосылады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жасанды интеллектіні дамытуға арналған парламенттік тыңдауда білім беру саласындағы ЖИ қызметін заңмен реттеу қажеттігін атап өтті.