Бұл жағымды жаңалық Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) озон бюллетенінің жариялануымен қатар айтылды. Бюллетень 1985 жылы озон қабатының тозуын жаһандық қауіп ретінде алғаш мойындаған Веналық конвенцияның 40 жылдығына орай шығарылды.
Соңғы зерттеулер Антарктида үстіндегі озон қабатының жай-күйі соңғы жылдары айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді. Бұл — оның ұзақмерзімді қалпына келу үрдісінің бір бөлігі. Мұндай жақсарудың бір бөлігі табиғи атмосфералық өзгерістерге байланысты болса да, ғалымдар негізгі себеп ретінде хлорфторкөміртектер (ХФК) деп аталатын зиянды химиялық заттарды біртіндеп пайдаланудан бас тартуды атап өтеді.
Жер бетінің бірнеше шақырым биіктігінде орналасқан озон қабаты тіршілікті зиянды ультракүлгін (УК) сәулелерден қорғайды. Ол болмаса, тері обырының, катарактаның, иммундық жүйе бұзылыстары мен экожүйелердің бұзылу қаупі күрт артар еді.
1987 жылы қабылданған Монреаль хаттамасының арқасында шамамен 200 ел бірігіп, шашқа арналған лактарда, тоңазытқыштарда және өрт сөндіргіш көбіктерде қолданылатын ХФК-дан біртіндеп бас тартты. Сарапшылардың болжауынша, осы шаралар нәтижесінде 2040 жылға қарай озон қабатының көпшілік өңірлерде қалпына келуі мүмкін. Ал егер бұл үрдіс жалғасса, Антарктида үстіндегі аты шулы озон тесігі 2066 жылға қарай толық жабылады деп күтіледі.
Озон қабатының соңғы қалпына келуі тұрақты даму саласындағы басқа да маңызды мақсаттарға — денсаулық сақтау, климаттың өзгеруімен күрес, азық-түлік қауіпсіздігі және биологиялық әртүрлілікті сақтау бағыттарындағы жетістіктерге де оң әсерін тигізіп отыр.
Бұдан кейін адамдардың қандай қадамдар жасайтыны шешуші рөл атқарады. Дегенмен, ғалымдар бұл жаңалықты қоршаған ортаны қорғау саласындағы сирек жаһандық жеңіс әрі ғылым мен халықаралық ынтымақтастықтың планетаны қорғаудағы үлкен қатерлерге қарсы тұра алатынын дәлелдейтін мысал ретінде қарастырады.
Айта кетейік, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының ашылуында сөйлеген кіріспе сөзінде адамзат климаттық әділеттілікті таңдауы тиіс екенін айтқан еді.