— ҰТБ бойынша айтатын болсақ, 2026 жылы қазіргі формат сақталады, бірден ауқымды өзгеріс болмайды. Бірінші кезеңде 5 жылдық жоспар ескерілген, яғни еліміздің тест жасақтаушы ғалымдары ETS компаниясына барып, арнайы оқудан өтеді. Қазір Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Нұрсейіт Байжанов Принстонда арнайы тағылымдамадан өтіп жатыр. ETS компаниясы 80 жылдық тарихы бар ең мықты тест құрастыратын мекеме. TOEFL және GRE сияқты негізгі тестілеу жобаларын пысықтаған. 2,5 мың тест жасаушы ғалым бір жерде шоғырланған. Екінші кезеңде халықаралық стандартқа пысықталған әдістемені дайындаймыз. ETS осы әдістемеге өзінің сертификатын береді, — деді С. Нұрбек Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда министр аталған әдістемеге сәйкес еліміздегі тестілеу жаңа форматқа көшіріледі. Негізгі мақсат — сапаны көтеру.
— Екінші міндет — ҰТБ жүйесін халықаралық тест қабылдау форматына көшіру. Бұл ретте, болашақта біздің талапкерлер ҰБТ-ны тапсырып, сол сертификатымен кез келген шетелдік университеттерге өте алады, — деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, аталған бес жылдық жоспар аясында 2027 жылдан бастап пилоттық жоба енгізіледі. Талапкерлерге ескі немесе жаңа форматта тапсыру жөнінде таңдау мүмкіндігі беріледі.
— Жаңа сертификат толыққанды қабылданған жағдайда, осыған көшіреміз. Талапкерлерде ескі немесе пилоттық форматта тапсыру мүмкіндігі болады, — деді Саясат Нұрбек.
Министр ETS компаниясының қызметін пайдаланғаны үшін тиісті ақы төленетінін айтты.
— Біздің тестілерді отандық ғалымдар жазады. Ғалымдар ETS-те оқытылады. Әдістемені әзірлеп, бізге нақтылап бергені үшін шарт аясында қаражат жұмсалады, бірақ оған қомақты қаражат бағытталмайды, — деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары маңызды саяси және экономикалық келіссөздермен қатар, Қазақстанның адами капиталын дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық кездесумен де ерекшеленді. Мемлекет басшысы әлемдік академиялық және ғылыми ортаның жетекшілерімен келіссөз жүргізіп, білім мен ғылым саласындағы серпінді жобалардың негізін қалады.
Осы орайда бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды кездесу ETS (Educational Testing Service) компаниясының басшылығымен өтті. Бұл әлемдегі жетекші тестілеу компаниясы, яғни TOEFL және GRE сияқты жаһандық тестілерді әзірлеген. Кездесу қорытындысы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылады. ETS-тің үздік мамандарының жетекшілігімен және жұмылдырылуымен біздің Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) әдістемесі мен мазмұны қайтадан пысықталады.