Министрлік мәліметінше, осы жол карталарына сәйкес, биыл 120 гидротехникалық нысанды кәсіпорындардың балансына қабылдау жоспарланып отыр. 2026 жылы – 245, ал 2027 жылы – 465 нысанды қабылдау көзделген. Сонымен қатар 1 937-ге жуық гидротехникалық нысанды коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру жоспарда бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде өңірлерде коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі 16 мамандандырылған ұйым құрылып, жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде 10 ұйым 2024-2025 жылдары құрылған. Қазір бұл ұйымдардың балансына 872 нысан қабылданып, 283 арнайы техника берілді және 1 197 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 310 қызметкер биыл жұмыспен қамтылды.
– Жаңа мекемелер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында ашылды. Бұл мамандандырылған ұйымдардың басты міндеті – гидротехникалық нысандарды қауіпсіз пайдалану, олардың техникалық жағдайын сақтау және уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Айта кетейік, биыл 105 гидротехникалық құрылысқа тексеру жүргізіледі.
Қазақстанда гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және жөндеу саласында көптеген заң бұзу деректері анықталып отыр. Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
Жапондық сарапшылар Қазақстанның 4 облысында 13 гидротехникалық нысанды тексерді.