Көбінесе пациенттер емдеуге қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша хабарласқан. Оның ішінде: қант диабеті, эпилепсия, артериялық гипертензия, ревматоидты артрит, онкологиялық аурулар, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, аритмия және склерозға қатысты өтініштер жиі түседі.
Байланыс орталығының бастығы Баян Рүстембекованың айтуынша, барлық өтініштер CRM жүйесінде тіркеледі, сөйлесу жазбалары сақталады. Бұл мониторингтің ашықтығын қамтамасыз етіп, жұмыс тиімділігін арттырады.
– Байланыс орталығының операторларының медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар. Бұл мемлекеттік және орыс тілдерінде білікті кеңес беруге мүмкіндік береді. Қоңыраулар жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін, сенбі күні 09:00-ден 13:00-ге дейін қабылданады. Жексенбі – демалыс күні, – деді ол.
1439 байланыс орталығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігі, жеткізілуі жөнінде ақпарат береді. Сондай-ақ дәрі-дәрмектердің қалдықтары мен науқастарды нақты медициналық ұйымдарға жөнелту кестесі туралы хабарлайды.
Бұдан бөлек, 1439 нөмірі сенім телефоны қызметін де атқарады – азаматтар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы сыбайлас жемқорлық деректері туралы да осы арна арқылы хабарлай алады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» қазақстандықтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Дәрілер амбулаториялық деңгейде – емханалар арқылы дәрігер рецепті бойынша, ал стационарлық деңгейде – ауруханаларда ұсынылады.
Айта кетейік, елімізде дәрі-дәрмек бағасы төмендейді.