Түркия 2027 жылы көпшілікке тегін қолжетімді цифрлық музыкалық архив ашуды жоспарлап отыр. Жоба аясында ғасырлар бойы қалыптасқан музыкалық шығармалар, тарихи нота жазбалары мен сахналық қойылымдардың аудио және бейне жазбалары бір онлайн платформада жинақталады. Бұл туралы SteppeNews.kz mk-turkey.ru ақпараттық сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жобаны Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің Бейнелеу өнері бас басқармасы жүзеге асырады. Аталған ведомство елдегі оркестрлер, хорлар және басқа да музыкалық ұжымдардың жұмысын үйлестіреді.
Цифрлық архивке Селжұқ және Осман кезеңдеріне тиесілі нота жазбалары, діни әуендер, газельдер, концерттер мен сахналық қойылымдардың жазбалары енгізіледі.
Платформа музыканттар, зерттеушілер және музыкаға қызығушылық танытатын көпшілікке Түркияның музыкалық мұрасын бір жерден зерттеуге мүмкіндік береді.
Бас басқарма директоры Өмер Фарук Бельвиранлының айтуынша, ведомство құрамында 29 оркестр, хор және музыкалық ұжым бар. Олардың қатарында алты мемлекеттік симфониялық оркестр мен Мемлекеттік полифониялық хор да бар. Сонымен бірге дәстүрлі түрік музыкасы, халық музыкасы, халық билері және елдің әр өңіріне тән музыкалық дәстүрлермен айналысатын ұжымдар жұмыс істейді.
Қойылымдар мен концерттер цифрланады
Бұдан бөлек, ведомствоға қарасты ұжымдардың концерттері мен сахналық қойылымдарын цифрлық форматта жазып алу жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Өмер Фарук Бельвиранлының айтуынша, жасалған музыкалық шығармалар міндетті түрде жазылып, сақталуы керек. Бейне материалдар видео форматында, ал аудио туындылар дыбыс жазбасы ретінде архивке енгізіледі.
Оның мәліметінше, 29 бөлімшенің 15-інде кәсіби дыбыс жазу студиясы бар. Бұған дейін жинақталған концерттік жазбалар да онлайн платформаға көшіріледі.
Тарихи нота жазбалары да сақталады
Цифрлық архивке Түркияның ғасырлар бойғы музыкалық дәстүрін көрсететін тарихи нота жүйелері де енгізіледі.
«Түрік музыкасы — тұтас бір теңіз. Архивімізде 700–800 жыл бұрынғы Селжұқ және Осман дәуірінен жеткен ерекше нота жазбалары, Хампарсум нота жүйесі, Осман түрікшесіндегі жазбалар және басқа да материалдар бар», — деді Бельвиранлы.
Оның айтуынша, аталған материалдардың барлығы цифрландырылып, музыкаға қызығушылық танытатын кез келген адамға тегін ұсынылады. Пайдаланушылар бір платформа арқылы архив материалдарын көріп, қажетті шығармаларға қол жеткізе алады.
Архивке нақты қанша шығарма енгізілетіні әзірге белгісіз. Дегенмен ол ведомствоға қарасты 29 ұжымның бағдарламаларын қамтып, кейін ондаған мың музыкалық шығармаға дейін толықтырылуы мүмкін.
Цифрлық жазбалар музыкалық шығармалар мен олардың орындалуын зерттеуге мүмкіндік бергенімен, онлайн формат концертке тікелей қатысудың әсерін алмастырмайды.
Ведомство алдағы уақытта музыкалық ұжымдардың шетелдегі гастрольдерін де жалғастырмақ. Бельвиранлының айтуынша, Түркия Республикасының құрылған күні — 29 қазанға орай ұйымдастырылатын концерттерге кемінде 42 елден шақырту түскен.
Кейбір шетелдік концерттерде көрермендердің шамамен 80%-ын шетел азаматтары құраған. Әсіресе дәстүрлі музыка, айналмалы дәруіштердің өнері, түркі әлемінің музыкасы мен халық билеріне қызығушылық жоғары.
Келесі материал: HUAWEI nova 16s сериясы Қазақстан нарығына шығуға дайындалуда«Біз өткенді болашаққа жеткізетін көпір болуға ұмтыламыз», — деді Бельвиранлы.
