Турцияда 15 жасқа толмаған балалар үшін әлеуметтік желілерге қолжетімділік жабылады. 2026 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енетін жаңа ережелер тек жаңа аккаунттарды тіркеуді емес, сонымен бірге жеке хаттарды, жарнаманы, ұсыныстар алгоритмін және тікелей эфирлерді де қадағалайды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Тиісті қаулы Турцияның Resmî Gazete ресми басылымында жарияланды. Құжат пайдаланушының жасын міндетті түрде тексеруді және цифрлық платформаларға қойылатын жаңа талаптарды бекітеді.
1 қарашадан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға тіркелуге тыйым салынады
Түркия билігі жас мөлшеріне қатысты нақты шектеу қойды. Әлеуметтік желілер 15 жасқа толмаған балаларға қызмет көрсете алмайды.
Платформаға тіркелу үшін пайдаланушы e-Devlet мемлекеттік порталы арқылы жасын растауы тиіс. Ол үшін арнайы цифрлық сәйкестендіру механизмі қарастырылған. Желі пайдаланушының аты-жөнін және жеке деректерін алмай-ақ, оның жасы шектеуден өткен- өтпегені туралы ғана мәлімет алады. Егер пайдаланушы 15 жасқа толмаған болса, платформа аккаунт ашудан бас тартуға міндетті.
Бұрын ашылған аккаунттар 2027 жылдың 31 наурызына дейін тексеріледі
Жаңа ереже күшіне енгенге дейін тіркеліп үлгерген қолданушылар үшін өтпелі кезең қарастырылған. Әлеуметтік желі платформалары бұрыннан бар аккаунт иелерінің жасын 2027 жылдың 31 наурызына дейін тексеріп бітуі тиіс. Егер профиль иесінің 15 жасқа толмағаны анықталса, аккаунт бұғатталып, бұл туралы пайдаланушыға хабарлама жіберіледі.
Демек, туған күнді ойдан жаза салу әдісінің енді жарамсыз екенін білдіреді — жас мөлшері тек мемлекеттік жүйе арқылы расталуы қажет.
15–17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған шектеулер
15 жасқа толған, бірақ 18-ге жетпеген жасөспірімдер әлеуметтік желілерді пайдалана алады. Дегенмен олардың аккаунт мүмкіндіктері айтарлықтай шектеледі:
-
Жеке парақша режимі: Профильдер жабық болады және оны ашық режимге ауыстыруға тыйым салынады.
-
Жеке хабарламалар: Жасөспірімдер тек өзі жазылған аккаунттардан ғана хат ала алады.
-
Тікелей эфирлер: Онлайн трансляция жүргізу функциясы толығымен өшіріледі.
-
Жарнама мен ұсыныстар: арнама мен ұсыныстар: Жасөспірімдердің қызығушылығын зерттеп, соған сай арнайы жарнама көрсетуге тыйым салынады. Бұған қоса, жүйе оларға бөгде адамдардың парақшаларын ұсыныс ретінде шығармайды.
-
Байланыстар тізімі: Телефон кітапшасын және басқа сервистердегі контактілерді синхрондау мүмкіндігі жабылады.
-
Шексіз лента: Контентті (видеолар мен посттарды) тоқтаусыз төмен сырғыта беретін шексіз лента режимі бұл жас тобы үшін өшіріледі.
Сонымен қатар, жасөспірімнің жазылушылары мен ол жазылған аккаунттар тізімі де өзге қолданушылардан жасырылады.
Ата-ана бақылауы және ішкі сатып алулар
Жаңа ережелер аясында әлеуметтік платформалар ата-аналар мен заңды өкілдерге баланың профилін басқаруға, қолданбаны пайдалану уақытын бақылауға және шектеу қоюға мүмкіндік беретін құралдарды ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ, қосымша ішіндегі кез келген төлемдер мен сатып алулар енді ата-ананың растауы арқылы ғанa жүзеге асырылады.
Турция тәжірибесі Қазақстан үшін несімен маңызды?
Турцияның бұл шешімі Қазақстанда талқыланып жатқан ұқсас бастамалар аясында ерекше назар аудартып отыр. Елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу туралы заңнамалық бастама ұсынылған болатын.
Екі елдің тәсіліндегі басты айырмашылықтар:
-
Жас шегі: Турцияда тыйым 15 жасқа дейінгі балаларға қатысты болса, Қазақстанда 16 жасқа дейінгі шектеу талқылануда.
-
Дайындық деңгейі: Турция нақты мерзімді, жасты тексеру механизмін (e-Devlet) және өтпелі кезеңді белгілеп қойды.
Турция моделі Қазақстан үшін әлеуметтік желіге қолжетімділікті жас ерекшелігіне қарай қалай бөлуге болатынының практикалық үлгісі бола алады. Мұнда мәселе тек тіркелуге тыйым салуда емес, хабарламалар айналымын, жарнаманы және ұсыныс алгоритмдерін кешенді реттеуде жатыр.
Келесі материал: Қытайда Жаһандық басқару форумы өтеді: БҰҰ, климат және ЖИ сарапшылары бас қосады
