Қытайдың Хэбэй провинциясындағы Сюнъань жаңа ауданында 23–25 қазан күндері «Жаһандық басқару форумы — 2026» өтеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қытай халықаралық қатынастар халықтық институтының (CPIFA) мәліметінше, форумға саясат, халықаралық ұйымдар, ғылым, бизнес, медиа және жастар өкілдері жиналады. Әсіресе БҰҰ, климаттың өзгеруі, жасанды интеллект және халықаралық сауда саласында жұмыс істейтін сарапшыларға басымдық беріледі.
Ауқымды шараға Оңтүстік, Еуропа және Америка құрлығындағы 100-ге жуық елден меймандар қатысатынын растаған. Олар басқосу аясында Қытайдың «болашақ қаласы» саналатын Сюнъань жаңа ауданын аралап көрмек.
Биылғы форум «Сенім мен ынтымақтастықты қайта жаңғырту: құбылмалы әлемде жаһандық басқаруды реформалау және жетілдіру» деген ұранмен өткізіледі.
Анықтама: Жаһандық басқару форумы туралы
Жаһандық басқару форумы (Global Governance Forum) — халықаралық саясат, экономика, цифрлық даму және экология сияқты ғаламдық түйткілдерді шешуге бағытталған маңызды пікірталас алаңы. Осы жүйелі диалогтың негізі ШҰҰ саммиті кезінде қаланып, Қытай тарапы ұсынған «Жаһандық басқару бастамасы» (Global Governance Initiative – GGI) аясында дамып келеді.
2025 жылы форум аясында геосаяси шиеленістер жағдайында БҰҰ-ның халықаралық жүйедегі орталық рөлін сақтау мен нығайту, сондай-ақ жасанды интеллект пен киберкеңістікті реттеудің жаңа халықаралық ережелерін әзірлеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Бұдан бөлек, қатысушылар дамушы елдердің әлемдік қаржы институттарындағы ықпалын арттырып, «Жаһандық Оңтүстік» мүддесін қорғауға және климат өзгерісімен күресуде халықаралық ынтымақтастықты тиімді ете отырып, жасыл экономикаға көшуге баса назар аударды.
Келесі материал: Пакистанда мектеп шатыры құлап, 35 адам қаза тапты: Токаев көңіл айтты
