Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2030 жылға дейінгі капитал нарығын дамыту бағдарламасын әзірледі. Оның мақсаты – қор нарығын инвесторлар үшін де, қазақстандық компаниялар үшін де тартымды ету.
Соңғы бес жылда Қазақстанның қор нарығы айтарлықтай өсті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, акциялар нарығының капиталдануы екі еседен астам ұлғайып, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жетті. Облигациялар нарығы да екі есеге жуық өсіп, 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
KASE деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйекте акциялар нарығының капиталдануы шамамен $108,1 млрд құрап, жыл басынан бері 39%-ға өсті. Осы кезеңде KASE индексі шамамен 16%-ға артты.
Көрсеткіштер, әрине, көңіл қуантады. Алайда заңды сұрақ туындайды: қор нарығының номиналды өсуі оның сапалы дамуын, тереңдігі мен өтімділігін көрсете ме?
Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Айгерім Ильясованың айтуынша, акциялардың бағасы өсіп, нарықтың капиталдануы ұлғаюы мүмкін. Алайда бағалы қағаздардың едәуір бөлігі ірі акционерлердің қолында болып, нарықта айналымға түспесе, инвесторларға нарықтық бағаға әсер етпей, елеулі көлемдегі бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату қиынға соғады. Қазақстан қор нарығының негізгі мәселелерінің бірі болып отырғаны да – осы өтімділік.
«Акциялардың айналымдылық коэффициенті* небәрі 1,4%, облигациялардікі – 9,1%, ал корпоративтік облигациялардікі – 3%. Еркін айналымдағы акциялардың үлесі, яғни free-float, 38%-дан 21%-ға дейін төмендеді. Бұл – Қазақстан нарығындағы бағалы қағаздарға тұрақты әрі ауқымды қарсы сұраныс пен ұсыныстың жоқ екенін көрсететін өте төмен көрсеткіштер», – дейді сарапшы.
Сондықтан оның пікірінше, жаңа бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – өтімділікті арттыру: инвесторлар бағалы қағаздардың елеулі көлемін тұрақты түрде сатып алып, сата алатын нарық қалыптастыру. Ол үшін инвесторлар тарапынан сұранысты да, компаниялар тарапынан ұсынысты да қатар арттыру қажет.
Қазақстандағы ең ірі институционалдық инвестор болып БЖЗҚ қала береді. Бұл ретте Ұлттық банктің инвестициялық стратегиясы негізінен тәуекелі төмен облигацияларға бағытталған.
«2026 жылы, – деп түсіндіреді қаржыгер, – қор нарығын дамытуда зейнетақы жинақтарын пайдаланудың рөлі айтарлықтай өсті. Зейнетақы жинақтарының артық бөлігін алу үшін жеткіліктілік шегінің ұлғаюына, сондай-ақ жинақ сомасының инфляцияны ескере отырып сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдіктің жойылуына байланысты азаматтарда зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға аударуға көбірек себеп пайда болды».
Ильясованың айтуынша, бұл зейнетақы қаражатын нарықтық құралдарға инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Соңғы 12 айдың қорытындысы бойынша барлық жеке басқарушы компаниялардың кірістілігі БЖЗҚ көрсеткішінен жоғары, бұл олардың табыстылығы жоғары бағалы қағаздарға көбірек инвестиция салатынын көрсетеді.
«Жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың рөлі артып келе жатқанымен қатар, – дейді сарапшы, – Ұлттық банк те салымшылардың өмірлік цикліне негізделген инвестициялық стратегиясын қайта қарайды . Осылайша, жас салымшылар инвестициялаудың неғұрлым агрессивті тәсілін, ал жасы үлкен салымшылар консервативті тәсілді таңдай алады».
Тағы бір бағыт – жеке инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңейту. Атап айтқанда, ұжымдық инвестициялау қорларын: ақша нарығы қорларын, жылжымайтын мүлік қорларын, облигациялық, индекстік және салалық ETF-терді дамыту жоспарланып отыр.
Ильясова олардың артықшылығын былай түсіндіреді:
«Қарапайым адамға өз портфелі үшін жекелеген бағалы қағаздарды таңдау қиын. ETF сатып алу бағалы қағаздардың кең жиынтығына бірден инвестициялауға мүмкіндік береді. Бұл тәуекелдерді әртараптандырып, бөлшек инвесторды жекелеген бағалы қағаздардың динамикасын үнемі бақылау қажеттілігінен босатады»
Сондай-ақ қазақстандық акцияларды халықаралық сақтау және есеп айырысу жүйелеріне қосу жоспарланып отыр. Бұл шетелдік инвесторлардың жергілікті нарыққа қол жеткізуін жеңілдетуі тиіс.
«Сұранысты жандандыру жоспарланып отырған қысқа сату тетігін енгізу арқылы да мүмкін болады. Қазіргі уақытта инвесторлар активтер бағасының өсуінен, сондай-ақ акциялар бойынша дивидендтер мен облигациялар бойынша купондық төлемдер түріндегі кірістерден табыс табады. Ал қысқа сату нарық құлдыраған кезде де пайда табуға мүмкіндік береді.
Қысқа сату кезінде бағалы қағаздар алдымен сатылады , кейін олардың бағасы төмендеген соң қайта сатып алынады. Бұл тетікті уақытша бос тұрған бағалы қағаздарды қарызға алу арқылы іске қосу жоспарланып отырғаны маңызды. Мұндай қамтамасыз ету нарық өтімділігін арттыра отырып, бақылаусыз алыпсатарлық тәуекелдерін төмендетеді», – деп толықтырады Айгерім Ильясова.
Оның айтуынша, эмитенттер тарапынан ұсынысты ынталандыру үшін қор нарығына шығу рәсімдерін жеңілдету қажет. Бүгінде IPO өткізу және облигациялар шығару негізінен ірі бизнеске ғана қолжетімді күрделі әрі қымбат рәсімдер болып отыр.
Капитал нарығын дамыту бағдарламасы орта компаниялар үшін неғұрлым икемді жағдай жасауды көздейді. Атап айтқанда, компанияларға биржаға шығуға дайындалуға, корпоративтік басқару сапасы мен ашықтығын арттыруға көмектесетін «листинг демеушілері» институтын енгізу қарастырылған.
«Салықтық ынталандырулар да, – дейді сарапшы, – қор нарығының өтімділігін арттыруға мүмкіндік береді, өйткені акцияларының белгілі бір үлесін еркін айналымда (free-float) ұстайтын жария компаниялар үшін корпоративтік салықты уақытша төмендету ұсынылып отыр. Компаниялар үшін қор нарығында үлестік немесе борыштық капитал тарту банктік қарыздармен салыстырғанда артықшылықтарға ие болуы тиіс».
Қорытындылай келе, ол ұсынылып отырған бастамалар капитал нарығының құрылымдық мәселесін шешуге және халық пен институционалдық инвесторлардың ішкі жинақтарын бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға деген қажеттілігімен байланыстыруға көмектесе алатынын атап өтті.
Бұл ретте реформалардың басты нәтижесі Қазақстан экономикасын қаржыландырудағы қор нарығының рөлін айтарлықтай арттыру болуы тиіс.
* Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бағалауы бойынша
Келесі материал: Қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық және мұнай-газ машина жасау: Ақтөбедегі КЗНО
