10 қарашадан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылаудың шекті сомасы 537 мың теңгеге ұлғаяды. Бұған дейін ақшалай критерий ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшеріне тең болса, енді ол 360 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. 2026 жылғы көрсеткіштер бойынша үш айдағы шекті сома 52,6%-ға, яғни 1,02 млн теңгеден 1,557 млн теңгеге дейін өседі .
Бұл сатушылар мен қызмет көрсетушілер енді жаңа шекті сомаға жеткенше кәсіпкерлік қызметін тіркемей-ақ төлем қабылдай алады дегенді білдіре ме? Бұл сұраққа Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова жауап береді.
«Мобильді аударымдарды бақылау шегінің жоғарылауы – ең алдымен, салықтық әкімшілендіру критерийлерінің бірін жеңілдету. Бұл азаматтарды салық төлеуден босату немесе тауарлар мен қызметтер үшін төлемді жеке банк картасына қабылдауға рұқсат беру деген сөз емес», – деп атап өтеді сарапшы.
Оның айтуынша, егер жеке шотқа қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе және осы кезеңдегі жалпы сома 360 АЕК-тен асса, банк бұл туралы мәліметтерді салық органдарына береді. Барлық шарт бір мезгілде орындалуы тиіс. Бұл жерде бір аударымға қойылатын шектеу туралы сөз болып отырған жоқ.
Тлеуленова үш жағдайды мысалға келтіреді. Бірінші жағдайда қызмет көрсетуші шебер ай сайын 100 түрлі клиенттен аударым алады, бірақ үш айдағы жалпы сома 1,2 млн теңгені құрайды. Бұрын мұндай жағдайда ақшалай критерий орындалатын еді, ал енді орындалмайды. Алайда бұл қаражат көрсетілген қызмет үшін төленген болса, шекті соманың ұлғаюы оның табыс ретіндегі сипатын өзгертпейді.
Екінші жағдайда адамның шотына үш айда 1,6 млн теңге аударылған, бірақ айлардың бірінде ақша жіберушілер саны 80 адам болған. Мұндай жағдайда осы механизм бойынша мәліметтер салық органдарына берілмейді. Өйткені ақша жіберушілер санына қатысты шарт әр айда бірдей орындалмаған.
Үшінші жағдайда адам үш айда 1,6 млн теңге алып, әр айда оған 100 және одан да көп әртүрлі адам ақша аударған болса, банк мәліметтерді салық органдарына жолдайды. Алайда бұл адамның заң бұзғанын немесе оған автоматты түрде салық есептелетінін білдірмейді.
«Жаңа критерий салық салынбайтын шекті соманы белгілемейді, тек ықтимал кәсіпкерлік қызметті анықтау механизмін айқындайды. Халық арасында енді 1,557 млн теңгеден аспайтын кез келген төлемді бизнесті тіркемей-ақ жеке картаға қабылдауға болады деген қате түсінік қалыптастырмау маңызды», – деп түсіндіреді сарапшы.
Туыстардан келген аударым, қарыздың қайтарылуы немесе ортақ сыйлыққа жиналған ақша банк картасына түскені үшін ғана кәсіпкерлік табыс болып саналмайды. Керісінше, тауарлар мен қызметтер үшін алынған төлемдер аударым сомасы белгіленген шектен төмен болған жағдайда да табыс болып қала береді.
Бұл тіркелген жеке кәсіпкерлерге де қатысты. Кәсіпкерлік қызметке арналған шотқа түсетін қаражатты жеке шоттарға жасалатын аударымдарды бақылаумен шатастырмау керек. Егер кәсіпкер түсімді жеке картасына қабылдаса, оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені белгіленген критерийлер орындалған жағдайда мәліметтердің салық органдарына берілуін өздігінен жоққа шығармайды.
«Белгіленген критерийлерге сәйкес келу бірден тексеру жүргізіледі немесе банк шоты бұғатталады дегенді білдірмейді, – деп атап өтеді қаржыгер. – Қаржы министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, алдымен салық органы ақпараттық хабарлама жібереді. Кейін негіз болған жағдайда камералдық бақылау жүргізілуі мүмкін. Егер оның нәтижесінде сәйкессіздіктер анықталып, хабарлама жолданса, азамат түсініктеме беруге немесе оларды жоюға мүмкіндік алады. Белгіленген критерийлерге сәйкес келудің өзі шот бойынша операцияларды тоқтата тұруға негіз бола алмайды».
Қаржыгердің бағалауынша, шекті соманың ұлғаюы азаматтардың жеке картасына түскен шағын аударымдар бойынша түсініктеме беруге мәжбүр болатын жағдайлардың санын азайтуы мүмкін.
Алайда шағын бизнес үшін бұл өзгерістің әсері біржақты емес. Кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін ол әкімшілік қысымды азайтуы ықтимал. Сонымен қатар тіркелмеген сатушылардың бір бөлігі жаңа шекті соманы ресми тіркелмей жұмыс істеуге болатын деңгей ретінде қабылдауы мүмкін.
«Шағын бизнестің көлеңкелі экономикадан шығуы үшін тек бақылау тетіктері ғана емес, жұмыс істеуге қолайлы жағдайлар да қажет. Атап айтқанда, тіркеудің қарапайым тәртібі, түсінікті салық режимі, есеп жүргізуге арналған қолжетімді цифрлық құралдар, құны төмен бизнес-шоттар мен эквайринг қызметтері, сондай-ақ есептілікке қатысты болжамды әрі тұрақты ережелер болуы тиіс», – деп есептейді қаржыгер.
Оның айтуынша, өзгерістің қаншалықты тиімді болғанын екі нәтиже арқылы бағалауға болады: жеке аударымдарға қатысты қате хабарламалар саны азайды ма және түсіндіру жұмыстарынан кейін қанша адам өз қызметін ресми түрде тіркеді?
«Мен экономикалық тиімділікті заңдастырылған бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері мен мемлекеттің құқық бұзушылықтарды анықтауға, банктік ақпаратты өңдеуге және бақылау шараларын жүргізуге жұмсайтын шығындарының арақатынасы арқылы бағалар едім», – деп қорытындылайды сарапшы.
Дереккөз: Qazaq expert club
Келесі материал: Architectural Digest басылымы Маңғыстаудың жерасты мешіттері туралы материал жариялады
