2021 жылы Қытай абсолютті кедейлікті толық жойғанын жариялады. Бұл әлемдік деңгейдегі маңызды оқиғаға айналды. Ел шамамен 800 миллион адамды аса кедейлік жағдайынан шығарып, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсатында көзделген шектен тыс кедейлікті жою міндетін 10 жыл бұрын орындады.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, реформалар мен ашықтық саясаты кезеңінде әлемдегі аса кедейліктің қысқаруының 70 пайыздан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі. Бұл жетістікке қандай факторлар әсер етті және Қытайдың кедейлікпен күрес тәжірибесі неге әлі күнге дейін әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отыр?
Бұл көрсеткіштердің артында тек экономикалық өсім ғана тұрған жоқ. Ең бастысы – осындай нәтижеге жеткізген мемлекеттік саясаттың қалай құрылғанын түсіну.
Өңірлік интеграцияны зерттеу институты қоғамдық қорының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты Таисия Мармонтованың айтуынша, Қытайдың табысын түсіну үшін ең алдымен оның мемлекеттік саясатының негізгі қағидатын ескеру қажет.
«Ең алдымен, Қытай әмбебап субсидиялардан бас тартып, әрбір отбасыға бағытталған атаулы қолдау жүйесіне көшті. Кедей отбасылардың арнайы тізілімі жасалып, олардың әрқайсысы үшін жеке даму жоспары әзірленді. Жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту, көшіру, кәсіп ашуға қолдау көрсету сияқты шаралар нақты қажеттілікке қарай ұйымдастырылды. Цифрлық технологиялар мен үлкен деректер бұл жоспарлардың орындалуын бақылауға және көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді», – дейді Таисия Мармонтова.
Осылайша Қытай бұрынғыдай барлық азаматқа бірдей көмек көрсетуден бас тартып, әр отбасының жағдайын жеке зерттеуге көшті. Әрбір отбасы бойынша деректер базасы жасалып, кедейліктің нақты себептері анықталып, соған сәйкес қолдау шаралары ұсынылды.
Бұл тәсіл Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Си Цзиньпин еңбектерінен таңдамалы материалдар» жинағында да көрініс тапқан.
«Кедейлікпен күрестегі табыстың кілті – атаулы көмек көрсету. Әрбір кедей отбасы бойынша жеке архив пен есеп жүргізу жүйесін жетілдіру қажет», – деп атап өткен Си Цзиньпин.
Яғни, мемлекет жаппай әлеуметтік бағдарламалардан жеке адамдармен жүйелі жұмыс істеуге көшті. Бір азаматқа жаңа мамандық қажет болса, екіншісіне жеке кәсібін ашуға қолдау көрсетілді, ал үшіншілері даму мүмкіндігі төмен шалғай өңірлерден жаңа жерге көшірілді.
2013–2020 жылдар аралығында Қытайда 99 миллионға жуық ауыл тұрғыны кедейлік деңгейінен шықты. Осы кезеңде 832 аудан мен 128 мыңға жуық ауыл кедей елді мекендер тізімінен шығарылды.
Алайда, Таисия Мармонтованың айтуынша, бұл нәтижелер тек статистика емес.
«Қытайдағы кедейлікпен күрестің табысы кездейсоқ емес. Пекин бұл мәселені жалпыға ортақ әл-ауқат стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырады. Си Цзиньпин кедейлікпен күрес бір реттік науқан емес, өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтуға бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік басымдық екенін бірнеше рет айтты», – дейді сарапшы.
Бұл саясаттың маңызды тетіктерінің бірі – «екі қамқорлық» және «үш кепілдік» жүйесі болды.
«Екі қамқорлық» халықты азық-түлікпен және киіммен тұрақты қамтамасыз етуді көздеді.
Ал «үш кепілдік» балалардың міндетті білім алуын, базалық медициналық қызметтің қолжетімділігін және қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз етілуін қамтыды. Сонымен қатар ауыз судың сапасына ерекше көңіл бөлінді.
Яғни, отбасы тек әлеуметтік төлем алғаннан кейін емес, өмір сүруіне кедергі келтірген негізгі мәселелер толық шешілген кезде ғана кедейліктен шыққан деп есептелді.
Одан кейін де мемлекет мұндай отбасыларды бақылауда ұстап, олардың қайтадан кедейлік шегіне түспеуіне жағдай жасады.
Әлем зерттеп жүрген тәжірибе
Атаулы қолдау Қытайдың жалпы мемлекеттік стратегиясының бір ғана бөлігі болды. Сонымен қатар елде жолдар, энергетика, сумен жабдықтау, байланыс инфрақұрылымы, білім беру, денсаулық сақтау және ауылдық аумақтарды дамытуға ауқымды инвестициялар салынды. Бұл тұрғындарға жаңа табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Таисия Мармонтованың айтуынша, қытайлық мамандар бұл жүйені өзара байланысты бірнеше маңызды тірекке негізделген модель ретінде қарастырады.
«Қытай сарапшылары бұл жүйені саяси көшбасшылық, адам мүддесін бірінші орынға қою, басқарудың барлық деңгейіндегі үйлестіру, атаулы қолдау, өзін-өзі қамтамасыз етуге ынталандыру және цифрлық басқаруды дамыту сияқты бірнеше негізгі бағыт арқылы сипаттайды. Бұл – ауылдан ауданға дейінгі деңгейде жауапкершілік жүйесімен бекітілген нақты жоспар», – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Қытайда кедейлікпен күрес ешқашан тек әлеуметтік саясат ретінде қарастырылған жоқ.
«Ең маңыздысы – кедейлікпен күрес экономикалық даму моделінің құрамдас бөлігіне айналды. Кедей адамдар көмек алушы ғана емес, елдің даму ресурсы ретінде қарастырылды», – дейді Таисия Мармонтова.
Мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығын дамыту, шағын бизнесті қолдау, кәсіптік оқыту, цифрлық сервистерді енгізу және жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар жүргізілді. Негізгі мақсат – адамға уақытша көмек беру ғана емес, оның болашақта өзін өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік жасау болды.
Қазақстанға қатысты пікір білдірген Таисия Мармонтова қытайлық тәжірибеден жекелеген шараларды емес, оның жалпы философиясын зерттеудің маңызын атап өтті.
«Егер Қазақстанның әлеуметтік саясатымен салыстырсақ, бізде кедей адамдар көбіне әлеуметтік көмек алушы ретінде қарастырылады. Ал олардың әлеуеті қоғам дамуының ресурсы ретінде толық пайдаланылмай отыр», – дейді сарапшы.
Қытай тәжірибесі барлық елге бірдей дайын шешім ұсынбайды. Дегенмен ол кедейлікпен күрес мемлекет дамуының ұзақмерзімді стратегиясына айналғанда ғана тұрақты нәтиже беретінін көрсетті. Сондықтан Қытайдың бұл моделі бүгінгі күні де халықаралық ұйымдар, зерттеушілер мен сарапшылар тарапынан жан-жақты зерттеліп келеді.
