Қытайдың солтүстік-шығысындағы Цзилинь провинциясының Чанчунь қаласында 23–28 тамыз аралығында дәстүрлі кинофестиваль өтіп жатыр. Қала кинематографияны күнделікті қалалық ортамен ұштастыру бағытында елдегі алғашқы пилоттық қалалардың бірі саналады. Осыған байланысты фестиваль тек кино көрсетілімдерімен шектелмей, туризм, гастрономия және сауда салаларымен байланыстырылған. Бұл туралы SteppeNews.kz Жэньминь Жибао сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы фестиваль Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл және Қызыл Армияның Ұзақ жорықтағы жеңісіне 90 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Осыған байланысты қалада 500-ге жуық тегін кино көрсетілімі жоспарланған.
Фестиваль аясындағы шаралар кинотеатрлармен ғана шектелмейді. Қала көшелерінде флешмобтар ұйымдастырылып, арнайы тақырыптық трамвайлар қатынайды. Сондай-ақ танымал фильмдердің саундтректеріне арналған концерттер өткізіледі.

Кешкі уақытта ашық аспан астында кино көрсетілімдері ұйымдастырылып, фильм аяқталғаннан кейін көрермендер арасында талқылаулар өтеді. Ал фестивальге арналған естелік билеттерді қаладағы түрлі бонустарға айырбастауға мүмкіндік қарастырылған.
Фестиваль қарсаңында қала тұрғындарына кино билеттерін сатып алуға арналған жалпы сомасы 1 млн юань болатын ваучерлер таратылды. Олар келесі жылдың наурызына дейін жарамды және Чанчунь қаласындағы барлық кинотеатрларда қабылданады.

Сонымен қатар қаладағы кино және индустрия тарихына қатысты маңызды орындар арнайы туристік бағыттарға біріктірілді. Олардың қатарында «Чанчунь» киностудиясының мұражайы, FAW автомобиль зауытының №1 мұражайы және Ляньхуа аралындағы киноқалашық бар.
Бұл бағыттар арқылы туристер Чанчуньның кино өнері мен өнеркәсіптік даму тарихын қатар танып, қаланың мәдени және тарихи нысандарын аралай алады.

Осылайша биылғы кинофестиваль Чанчунь қаласында киноны тек экрандағы өнер емес, туризм, мәдениет және қалалық өмірдің бір бөлігі ретінде танытуға бағытталған ауқымды шараға айналып отыр.
