Алматыда 2026 жылдың басынан бері 3,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, маневр жасау ережелерін бұзу, апатты жағдай туындату, жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын сақтамау, сондай-ақ жүргізушілердің мас күйде көлік басқаруы.
Брифинг барысында жыл басынан бері Алматыда 1300 мас жүргізуші анықталып, олардың барлығы көлік құралын басқарудан шеттетілгені айтылды.
Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 1700 адам әкімшілік қамауға алынған. Олардың қатарында мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілермен бірге қос тұтас жол сызығын кесіп өткен азаматтар да бар.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлікті мас күйде басқармауға және жолдағы қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
