Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жұмыс сапары аясында China Communications Construction Company (CCCC) компаниясының президенті Чжан Биньнаньмен кездесті. Бұл туралы SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Қазақстанның көлік-логистикалық және энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы сөз болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев CCCC компаниясының Қазақстанда көп жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтіп, оны сенімді әрі кәсіби серіктес ретінде бағалады.
Мемлекет басшысы Бақты – Аягөз теміржолының құрылысы стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемін едәуір ұлғайтып, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізетін бірлескен кәсіпорын құру мәселесі де талқыланды. Президент мұндай жоба Каспий маңы мемлекеттері мен өзге елдер үшін қауіпсіз теңіз қатынасын қамтамасыз ететін өңірлік орталық қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Тараптар энергетика саласындағы перспективалы бастамаларға да тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстандағы алғашқы гидрожинақтаушы электр станциясының құрылысын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімнің маңызын атап өтті.
Жоба Алматы облысындағы Қарғалы өзенінде іске асырылады. Қуаттылығы 600 МВт болатын гидрожинақтаушы электр станциясын CCCC компаниясының еншілес кәсіпорны – China International Water & Electric Corporation салуға қатысады. Президенттің айтуынша, бұл нысан елдің ұлттық энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың Шанхай қаласына жұмыс сапарымен барғаны жөнінде жазған болатынбыз.