Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барды. Мемлекет басшысын әуежайда Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев қарсы алды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Бейресми консультативтік кездесудің қорытындысы бойынша Шолпан-Ата декларациясы қабылданды. Құжат Әзірбайджан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі мен алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды саяси құжат саналады.
Декларацияда ең алдымен тараптарды ғасырлар бойы байланыстырып келе жатқан тарихи, мәдени және өркениеттік байланыстарға ерекше назар аударылған. Бұл ынтымақтастықтың тек саяси және экономикалық мүдделерге ғана емес, ортақ тарихи тамырларға, мәдени жақындыққа және рухани құндылықтарға негізделгенін көрсетеді. Әсіресе түркі халықтарына ортақ тіл, мәдениет пен дәстүрлер мемлекеттер арасындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге берік негіз қалайтыны атап өтілген.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрге сай жылы қабылдау көрсеткені және кездесуді өткізу туралы бастама көтергені үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
– Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық. Қазіргі таңда біз Қырғызстанның қарқынды дамуына куә болып отырмыз. Сіздер қол жеткізіп жатқан әр жетістікке шын жүректен қуанамыз. Қырғыз елінің өсіп-өркендеуі – Орталық Азияның тұрақтылығы мен баянды дамуының маңызды кепілі. Бұл құрметті Президент Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың табанды еңбегі мен көреген басшылығының арқасы екені сөзсіз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және көпжақты серіктестіктің алдағы басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін айтты.
– Барлық деңгейдегі байланыстың жандануы бауырлас халықтарымыздың игілігі мен тұтас аймақтың өркендеуі жолында мемлекеттеріміздің жасампаз ықпалдастыққа ортақ ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл орайда «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуы айтулы жетістік болды. Аталған тарихи құжат стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа кезеңнің басталғанын айшықтайды. Өзара сенімге, құрметке және бауырлас халықтарымыздың болашағына деген ортақ жауапкершілікке негізделген өңірлік ынтымақтастықтың «саяси арқауын» қалыптастырады, – деді Қазақстан Президенті.
Кездесу барысында қатысушы мемлекеттердің басшылары өңірлік қауіпсіздік, сауда-экономикалық байланыстар, көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, өзара ықпалдастықты нығайтуға ниетті екенін растады.
